Оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайға жаңа айып тағылуы мүмкін. Бұл туралы оның зайыбы құқыққорғаушы, журналист Инга Иманбай хабарлады.
"Мемлекеттік айыптаушы Еркін Баймағамбетов соттан Жанболат Мамайға жаңа айып тағу үшін уақыт сұрады. Яғни, үкімет жазықсыз жанды босатудың орнына, керісінше, оның жағдайын одан әрі ушықтыру үшін барын салуда. Прокурордың айтуынша, мұндай шешімге сарапшы Роза Акбарованың қорытындысы мен айыптау тарапы куәгерлерінің берген жауаптары себеп болған. Біз Жанболат Мамайдың жазықсыз екенін және оған тағылған айыптардың жалған жала екенін, оны қудалаудың саяси астары бар екенін қайталап айтамыз" деді Инга Иманбай facebook парақшасында.
Жанболат Мамай былтыр ақпан айында қаңтар оқиғасының 40 күндігіне орай өткен қаралы митингтен кейін ұзамай ұсталып, қарашаға дейін тергеу изоляторында қамауда отырған. Оған о бастажаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды, полицияға тіл тигізді, жалған ақпарат таратты деген айыптар тағылған. Қазан айының соңында жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деген айып бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды деген жеңілірек айыпқа ауыстырылғаны белгілі болды. Ал 2 қараша күні сот оған қатысты бұлтартпау шарасын өзгертіп, тергеу изоляторынан үйқамаққа жіберген. Содан бергі сот отырыстары әлденеше рет кейінге қалдырылған.
Пікір қалдыру