Алматы қаласы Бостандық ауданының №2 аудандық сотында азаптау фактісі бойынша үш полиция қызметкеріне сот үкімі шықты.
Қалалық сот хабарласамына сәйкес, азапталған азамат өткен жылдың қаңтар айында төтенше жағдай кезінде автокөлікті заңсыз иемденді деген күдікпен полиция бөлімшесіне жеткізілген. Қ. есімді полиция қызметкері күдіктіні тергеп-тексеру үшін екі әріптесіне тапсырған. Олар күдікті тәртіпсіздіктерге қатысты деп ойлап, зардап шеккен әріптестері үшін кек алу мақсатымен оны азаптаған.
Осы дерекке байланысты үш полицей жауапқа тартылып отыр. Бірі қылмыстық құқық бұзушылық жасалғанын біле тұра, басшылыққа жеткізбеді деп айыпталса, екі полицей азаптау фактісі бойынша кінәлі деп танылған.
Күдікті полицейлерге жаза тайындарда сот мүліктік залал мен моральдық зиянды ерікті түрде өтеу, жас балаларының болуын ескерген.
Сот үкіміне сай, азаптаушы қос полицей 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оларға 3 жыл мерзімге мемлекеттік қызметте істеуге шектеу қойылды. Ал құқықбұзушылықты біліп, басшылыққа айтпады деп айыпталған полицей өмір бойына мемлекеттік қызметтен шеттетіліп, 1,6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Полицейлерге аталған айыптар бойынша қылмыстық кодексте көзделген жазаның төменгі түрі тағайындалғанын айта кеткен жоқ. Қылмыстық кодекске сай, азаптау фактілері үшін 3 жылдан 7 жылға дейін, құқықбұзушылықты біле тұра хабарламағаны үшін 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Пікір қалдыру