Таразда студенттерден пара алған жоғары оқу орнының оқытушысы ұсталды, – деп хабарлады Polisia.kz.
20 қаңтарда қаладағы жоғары оқу орынының бірінен 46 жастағы оқытушы қызметтік кабинетінде студенттен 200 мың теңге көлемінде қаржы алу кезінде ұсталған.
Полиция қызметкерлері аға оқытушының бұған дейін 4-курс студенттерінен үш айлық тәжірибелік сабақтардан және емтиханнан өткізіп беремін деп әрқайсысынан 50 мың теңге көлемінде ақша талап еткенін анықтаған.
Ұсталған ер адам кінәсін толық мойындады. Оған қатысты қолхатпен босату туралы бұлтартпау шарасы қолданылды. Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен (Екі немесе одан да көп адамға қатысты жасалған алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Бапқа сәйкес, осындай қылмыс жасағаны үшін мүлкi тәркiленіп, үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, жымқырылған мүліктің он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі мөлшерінде айыппұл салу, не үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Пікір қалдыру