2 ақпанда қар еріп, жауын-шашын мол түсуіне байланысты Түркістан облысының бес ауданында 20 елдімекенді су басып, 234 үйдің ауласына су кірді. Жағдай тұрақталғанымен, көпшілікті облыс аумағындағы Шардара су қоймасының толуы алаңдатты. Алайда бүгінде су қоймадағы су деңгейі секундына 1500-1600 куб метрден 1066 куб метрге төмендеген. Бұл туралы Қамшы порталына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай мәлім етті.
"Түркістан облысында Шардара су қоймасының толуы үлкен мәселе болды. Осыған орай, 2023 жылғы 9 қаңтарда облыс әкімімен Шардара су қоймасындағы көрші мемлекеттен келетін су көлемін азайтуға ықпал ету туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің атына хат жолданған. Сонымен қатар, Шардара су қоймасы мен Сырдария өзеніндегі су тасқынының алдын алу мәселелері ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Р.В.Склярдың төрағалығымен 2023 жылғы 31 қаңтарда өткен мәжілісте қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Бүгінгі таңға Шардара су қоймасына келетін су мөлшері секундына 1500-1600 куб метрден 1066 куб метрге төмендеді" деді Арман Жетпісбай Қамшы порталына берген ресми жауапта.
Облыс әкімі бірінші орынбасарының сөзінше, елдімекендерді су тасқынынан сақтау үшін аймақта 2022-2023 жылғы күз-көктемгі су тасқыны кезеңінде тасқын суларды қауіпсіз өткізуді қамтамасыз ету іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудан қала әкімдеріне, тиісті департамент, басқарма және мекеме басшыларына орындау үшін жолданған.
"Осы жоспарды орындау барысында су тасқынының алдын алуға жалпы 462 млн.теңге бөлініп тасқынға қарсы инженерлік жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда: 1218 шақырымды құрайтын 680 арықтар мен каналдар қоқыстан тазартылып, 952 шақырым қашыртқы арналар механикалық тазартудан өткізілді, тасқынға қарсы 34 мың 900 дана қап, 1000 тоннаға жуық инертті материалдар әзірленді. Сондай-ақ, төтенше жағдайға ден қоюға жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жалпы 2065 жеке құрам, 424 бірлік техника, 5 қайық, 116 мотопомпа дайындыққа келтірілді" делінген ресми жауапта.
Арман Жетпісбайдың айтуынша, облыс су басу зардаптарын жою, су басқан елдімекендердің халқын эвокуациялау сынды шаруаларға әзір, азаматтық қорғау күштері мен құралымдары, тиісті техникалар дайын..
Пікір қалдыру