ҰҚК шекара қызметінің басшысы Ерлан Алдажұманов Арқанкерген оқиғасы жөніндегі қылмыстық істің қайта қаралуына байланысты пікір білдіріп, журналистер сұрағына жауап берді.
Оның айтуынша аталған қылмыстық іс толығымен тергеліп, ойдағыдай жүргізілген. Сондай-ақ сот шешімінің ақылға қонымды болғанын айтты.
"Бұған қатысты пікір білдіру артық деп ойлаймын. Сол жылы қылмыстық іс тергелді. Толығымен тексеру жұмыстарын жүргіздік. Ал қазір оның (Челахтың - Ред.) не айтқысы келіп отырғанын білмеймін. Тергеу толық жүргізілді. Іс логикалық соңына жетті. Қандай да бір мәлімдемелер болса нақты не туралы екенін түсініп көру қажет", деп пікір білдірді Ерлан Алдажұманов.
Бұдан бөлек ол Арқанкерген бекетінің қажеттілікке сай жаз мезгілінде ашылуы мүмкін екенін айтты.
2012 жылы Владислав Челах Арқанкерген шекара бекетінде 15 адамды өлтірді деген айыппен өмір бойына сотталған. Былтыр желтоқсан айында Челах президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа қайырылып, тергеу процесін қайта жүргізуді сұраған. Ол 2012 жылы мамырда 15 адамды өлтірмегенін, шекара бекетіне "шабуыл жасалғанын", өзін "заңсыз соттағанын" және "шындықты ашуға дайын" екенін айтқан.
Пікір қалдыру