Шешендік өнердің шеберханасына айналған Абай атындағы республикалық мектеп-интернатында жас ділмарлар сайысы өтеді.
Шараға республикалық «Ділмар», «Ақберен» және желілік Абай мектептері арасында өтетін «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысы...» шешендік өнер байқауларының қатысушылары мен жүлдегерлері, Абай атындағы РММИ-дың «Жыл шешендері», Абай мектебі мен Қыздар ұлттық педагогикалық университетінің студенттері арасында өткен жарыстың жеңімпаздары қатысып, сөз додасының көрігін қыздырады.
Осылайша, бабалар мұрасын балалар жадында тағы бір мәрте жаңғырып, көркем, кестелі сөз, образды сөйлеу, ой ұшқырлығы мен сөзге тапқырлық қабілеті сынға түседі. Бұл болашақ шешендерді дайындаудың ең тиімді әрі қалыптасқан жолы.
Жоба авторы журналист, аталған мектептің «Шешендік сөз өнері пәнінің» мұғалімі Жарқын Сәленұлы. Арнайы сайысқа Абай атындағы ҚазҰПУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақ ұлттық Қыздар педагогикалық университеті, Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар колледжінің студенттері, «Курсант» жалпы білім беру мектебінің 11-сынып оқушысы және республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушылары жұптасып, жеребе арқылы тақырып талдап, жекпе-жек түрінде шешендік шеберліктерін көрсетеді.
Әдебиет пен тіл саласының майталман мамандары, танымал журналистер қазылық жасап, қатысушылардың шыңдалуына бағыт-бағдар береді. Сондай-ақ, 8-сыныптар арасында шешендік және ғибратты сөздерді бүгінгі күнделікті өмірмен байланыстырып қолдану деңгейін анықтау жарысы өтіп, жеңімпаздар анықталады.
Игілігі мол іс-шараның ұйымдастырушысы Абай атындағы РММИ-дың «Ділмар» шешендік өнер үйірмесі.
Пікір қалдыру