Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заң қабылданды.
Құжат аясында электр самокаттардың жолда жүру тәртібі реттеледі. Аталған заң жобасын Парламент депутаттары әзірлеген.
"Кейінгі жылдары электр самокаттардың, гироскутерлер мен монодөңгелектердің пайда болғанын көріп жүрміз. Бізге осындай жаңа көлік құралдарының жүрісін реттеу мәселелері бойынша өтініш көп түседі. Бұл әсіресе мегаполистер үшін өзекті мәселе. Электр самокаттардың жолдармен және тротуарлармен жүруі жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге қауіп төндіріп жатыр", – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, заң жобасы екі жыл бұрын әзірленген. Алайда электр самокаттарға қатысты техникалық регламент тек 2022 жылдың шілдесінде қабылданды.
"Бүгін біз электр самокаттардың жүрісін реттеу бойынша түзетулер енгізіп отырмыз. Жобаға сәйкес электр самокаттар жеке көлік құралы ретінде танылады, сондай-ақ сағатына 25 км жылдамдықпен жүретін көлік құралдары электр самокат санатына жатады. Электр самокаттар велосипед жолдары мен жол жиектерінде еркін жүре алады. Ал тротуарларда сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Бұл жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін ең қолайлы шешім", – деді депутат.
Оның пайымынша, тротуардағы жылдамдықты шектеу – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
"Электр самокаттар жол жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруіне болады. Алайда, ол үшін жүргізуші 18 жасқа толуы және шлем киюі керек. Сондай-ақ оның үстінде жарық шағылыстыратын киім мен жүргізуші куәлігі болуы қажет", – деді Екатерина Смышляева.
Пікір қалдыру