Бүгінгі күннің басты жаңалығы. Арнайы шақыртудан кейін елімізге Украина президенті Петр Порошенко келген болатын. Қазіргі таңда «танымалдылығы» артып жүрген Порошенка мырзаны алдымен ел премьері Кәрім Мәсімов күтіп алған-ды. Ал, бүгін Ақодада екі елдің президенті ресми түрде кездесті.
Ресми кездесудің көкесін көрсетті бұл бас қосу. Әдеттегідей кездесу барысында мемлекет басшылары қол алысты. Президент резиденциясында дәстүр бойынша құрметті күзет сапқа тұрды. Мемлекеттік күзет қызметінің президенттік оркестрі басшыларды музыкамен қарсы алды. Оркестрдің орындауында екі елдің әнұрандары алма-кезек шырқалды.
Артынша бекітілген заңдылық пен регламент бойынша екі елдің басшылары өзара қатынас хақында біршама мәселелерді талқылады.
Қос президентке ресми кездесуге бекітілген регламент жетіспеді. Арқаны кеңге салған жемісті диалог бекітілген регламенттен екі есе көп уақытты алды. Петр Порошенко мырза жары Маринамен бірге Назарбаевпен естелік суретке де түсті.
Осының барлығын сараптай келе екеу-ара әңгіменің келісті әрі жемісті болғанын пайымдауға болады.
Алдымен Порошенко мырза Нұрсұлтан Әбішұлына арнайы шақыртуы үшін алғыс жариялады. Сонымен қатар, ол әңгіме барысында Елбасын Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Айта кетуіміз керек, бұл Порошенконың Украина президенті постына отырғаннан бері Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Киевке жасаған өзінің алғашқы сапарын еске ала отырып: «Киевке жасаған сапарым есімде. Ол жақта әр уақытта да қонақжайлылықты сезінемін. Сондықтан да біздер Петр Алексеевичпен жеке кездесуіміз барысында саяси және экономикалық ынтымақтастығымыздың барлық мәселелерін талқыладық. Көптеген мәселелерде біздер өзара түсіністікке келдік»,- деп жеткізді.
Бұл кездесудің де берген жемісі аз емес. Кездесуде екі президент Қазақстан мен Украина арасындағы сауда-экономикалық, отын-энергетикалық, агроөнеркәсіп, көлік, өнеркәсіп пен ғарыш салаларындағы екіжақты қарым-қатынастар жайын талқылады.
Сонымен қатар, Елбасы Порошенко мырзаның Минск келісімін орындау барысындағы еңбектеріне ризашылығын білдірді.
Аталған кездесу уркаиндық БАҚ өкілдері тарапынан да талан-тараж талқыға түсіп жатыр. Олар Қазақстанның ДСҰ мүшесі болу екі ел арасындағы сауда қатынасын одан әрмен дамытуға мол үлес қосады деп сенуде.
Аян МЕЙРАШ
Пікір қалдыру