Қыста жылусыз қалған Екібастұз тұрғындары қаладан жаппай көшіп жатыр. Кеншілер қаласында пәтер сатылымы көбейіп, бағасы арзандап кеткен. Сауда–саттық сайттарының бірінде бір тәулік ішінде 200 ге жуық үй сатылымға шыққан.
Қыстағы апаттан кейін жарнама сайттарында "пәтерімді сатамын, не жалға беремін" деген хабарламалар көбейген. Сонымен қатар, баспана бағасы өте арзан екенін байқауға болады. Бұрын 9–10 миллион теңге тұрған бір бөлмелі пәтерлер 4–5 миллионның шамасында болса, екі бөлмелі пәтерлер құны 7 миллион теңгеге төмендеген.
Қала тұрғындарының мәлімдеуінше, олар жылу орталығының жөнделетініне сенбей, қыстағы жағдай қайталанады деп қорқады. Ал қала әкімдігі келесі жылыту маусымына дейін жылу орталығындағы сегіз қазандық жөнделетінін айтып келеді.
Еске сала кетейік, өткен қыста Екібастұзда тозған жылу желілері бірнеше жерден жарылып, ірі апат болып, жүзге жуық тұрғын үй жылусыз қалған болатын. Бүгінде апатқа ұшыраған үйлердің жартысына жуығы ыстық сусыз отыр.
Дереккөз: informburo.kz
Пікір қалдыру