Мына мен күнделікті қызметімді атқарып, ертеңгі жоспарымды тұжырымдап демалып отырғанда өзімді жайсыздау сезіндім. Дегбірсізденгендей болған соң, жұбайым еш алаңсыз жедел жәрдем шақыра салды. Мейірбике төл міндетіне сай қан қысымын тексеріп, бірер сауалына қанағаттанарлық жауап алғаннан кейін: «Жақпайтын бір тағамнан уланып қалған шығарсыз, қалай-қалай емес, жоғары білімді дәрігерге көрінгеніңіз жөн болар. Келіссеңіз бірге жүріңіздер» деді. Содан Талдықорғандағы жан сақтау бөлімінде 11 күн-түн жаттым. Жағдай нашар. Ол күндерді досың түгілі дұшпаныңның басына бермесін, тізбелеп айтудың өзі артық.
Содан құдайдың құдіретімен жексенбі күні бесін уақытында бұрын еш жерден көрмеген үш дәрігер кіріп келіп, әрқайсысы өз саласы бойынша тексеріп, байсалдылықтан таймай, сеніммен ұшаққа мінгізіп, Алматыдағы «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ емханасына жеткізді. Жаңа ортаның әсері ме, әлде медицина қызметкерлерінің ілтипаты ықпал етті ме, құдды соны соқпақпен жаңа әлемге енгендей сезіндім. Қалай екені, әйтеуір, бір шипа жаныма болатыны білінген де тәрізді. Хирургия ұлттық ғылыми орталығының реаниматолог-анестезиологі Салтанат Ратқызы әп-сәтте диогнозды дәл қойып берісімен, ілезде бас дәрігердің диагностика жөніндегі орынбасары, функционалды диагностика және эндоскопия бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер, Ерлан Әбдірешовке жеткізді. Дереу шетелдік қондырғының түбіне жайластыра отырғызып, желім тұтықшаны танау қуысынан кіргізе тұрып, бірден қай жерге сақина қою керектігін анықтап әрі сол заматында орналастырып жанымды рахат бір күйге енгізді. Сөйтіп, аталған орталықтың ақ халатты абзал жандары ізеттілігі мен мейіріміне бөлеп те, емдеп те апта бойы ағзадан аққан қызыл қанды санаулы сағаттарда тоқтатты. Мұны кәсіби біліктіліктің артуы һәм заманауи медициналық қондырғыларды жетік меңгеріп, пайдалана білу демеске әддіңіз қалмайды. Сүйсінесіз. Риза болып ішкі ойыңызды ақтаруға компьютердің алдына отырғанда рет-ретімен тізіліп бергенде тәнті боласыз. Алғаусыз ақ тілек ағытыла береді.
Әлбетте, «Бұлақ басынан тұнады» деген даналықты ұстанасыз. Себебі, таяу күндері «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығы» АҚ Бас директоры Жеткерген Арзықұловтың қабылдауына арнайы бардым. Кезегім келгенде кірдім. Бас директордың тік тұрып, қол алысып амандасуының өзі ішіңді жылытып, кісілік келбетін ашып тұр. Нағыз дәрігерге тән сымбаттылық. Қарапайым жандарға қашанда құрмет көрсете білетіндігімен адами құндылығын анық аңғартып тұр. Иманжүзділігі, жалпы кабинет кеңістігінің жаймашуақтығы болар, небәрі үш минутта Жеткерген Әнесұлы басқарып отырған дәрігерлерге деген шексіз алғысымды, осы орталыққа қашан, кімдер арқылы қалай түсіп, емделіп шыққанымды және маған өмір сыйлай білген жандар алдындағы парызымды бас басылым арқылы елге жеткізетінімді айтып бердім. Әр сөзіме зейін қоя мұқият тыңдап, республикалық «Егемен Қазақстан» газетін құрметтей білетіндігін ашық айтып, мүмкіндігінше қарапайым халықтың үнін, елмен етене араласуға бұл орталықтың әбден бейімделгенін көрсету қажеттігін көңіліме түйдіре білді. Өйткені, «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығы» емханасында жанына шипа тауып, алғыстарын ағытқан елдің ақжарма ақ тілегін де, сары алтындай саралы сөзін де ет құлағыммен естідім ғой. Емделіп шыққан жандардың медицина қызметкерлеріне тәнті бола тұрып, сөздерімен жеткізе алмаған алғысын көздерімен ұғындыруға қарекет етіп мейірім шуағын барынша төккендерін көрдім ғой. Адамдардың бұл орталық туралы Хан Тәңірінің саф ауасындай таза да тұнық ойын оқу да бір ғанибет екен. Ой тереңіне бойлай білсеңіз, сол заматта адамға өмір сыйлай білудің өзі бір бақыт екенін де түйсінесіз. Адамға өмір сыйлау дегенде, дәл осы тұста республикамызға кеңінен танымал қос тұлғаның есімін атап өтуді азаматтық парызым деп санаймын. Осынау жолдардың авторы дәрменсіз күйге түскен сәтте Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Салидат Қайырбекова мен республикалық «Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов дереу қол ұшын беріп, себепші болған еді. «Ауырып тұрдың – аунап тұрдың» деген даналықты да айтып көңілімді қош еткен жандарды қалай құрметтемейін. Құрмет тұта отырып, «А.Н.Сызғанов атындағы хирургия ұлттық ғылыми орталығына» сенім артулары кәсіби де, өмірлік те тәжірибені тоғыстыра ақыл таразысынан өткізе білетін сұңғылалықтары деп те бағалаймын.
Қорыта айтқанда, бұл жолдар менің жеке басымның алғысы болып ақ қағазға түсті. Сол алғыс ой тұнығынан толқып үлкен туындыға да айналуы бек мүмкін. Оны уақыт атты төреші көрсетер.
Пікір қалдыру