Биылғы «Нобель» сыйлығы лауреаттарын жариялау алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда тыныш өтті. Оған себеп – әлемдік саяси шиеленістер, екі ұшты дау-дамайлар және әскери қақтығыстардың белең алуы. Ендеше, жылдың ең ерек мәнге ие оқиғасы біздің тараптан да назарсыз қалмасын. «Қамшы» порталы аталмыш сыйлыққа байланысты журналистік зерттеу жасады.
Ең әуелі, Нобельдік сыйлықтың тарихына мән берелік. Әйгілі шведтік инженер-химик, өнертапқыш және кәсіпкер болған Альфред Нобель өз ұрпағының есінде динамитті ойлап тапқан «ұлы адам» болып қалғысы келмеді. Оның үстіне, молынан жиналған байлығын туыстарына қалдырғысы жоқ болған екен. Нәтижесінде, ол жыл сайын марапатталатын сыйлық бекітіп, оған өз атын беруді бұйырады.
Нобель бүкіл ғылыми қоғамды бақытты етуді емес, жиғанын игі іске жұмсауды жөн көрді, сондықтан, бәлкім, номинациялар тізімі де қысқа болды. Физика, химия, физиология және медицина, әдебиет, бейбітшілік орнату үшін күрес деген бес сала Нобельдің сыйлыққа лайық деп тапқан салалары болатын. Кейінірек, 1969 жылы Швеция банкі бұл тізім қатарына экономика саласын қосты.
Ал, сыйлықтың құнына келетін болсақ, ол жыл сайын өзгеріп тұрады, бірақ қашанда қомақты соманы құрайды. Мәселен, күні бүгінде нобельдік сыйлық лауреаты шамамен 1,1 млн АҚШ долларына ие болады. Бұл, өз кезегінде, Нобельдік қордың осыдан үш жыл бұрын 300 мың долларға қысқартқан сомасы. Мұндай қадамын қор «бас мақсат өнертапқыштың қалдырған ақшасын ғалымдар арасында тезірек бөліп тастау емес, керісінше, сыйлықтың шексіз ұйымдастырылуына түрткі болу» деп түсіндірген болатын.
Қазанның 5-нен бастап, 12-не дейін жалғасатұғын жеңімпаздарды жариялау науқаны нобельдік шараның ең қызықты бөлігі. Әзірге бес номинация иегерлерінің аттары белігілі болып отыр. Олар: физика саласы бойынша салмағы жоқ нейтрино бөлшегінің өзгеру процесін ойлап тапқан жапондық Такааки Кадзита мен канадалық Артур Макдональд, химия саласы бойынша ДНК жасушаларының қалпына келтірілуін таратып, түсіндіріп берген үш бірдей ғалым – шведтік Томас Линдал, американдық Пол Модрич және түркиялық Азиз Санкар, физиология және медицина саласы бойынша паразиттермен күрес жүргізген ирландық Уильям Кэмпбелл, жапондық Сатоши Омура және қытайлық Юю Ту, ал әдебиет саласында «Соғыста әйел келбеті болмайды» атты кітабымен белоруссиялық Светлана Алексиевич және бүгін, жұма күні бейбітшілік саласында жасминдік революциядан кейін демократия құруға атсалысқаны үшін Тунистік ұлттық диалогтық квартет марапатқа лайық деп табылды. Ал, 12-қазан күні экономика саласындағы сыйлық иегері белгілі болмақ. Жеңімпаздар аталмыш сыйлықпен Альфред Нобельдің қайтыс болған күні 10-желтоқсанда Стокгольмдік филармонияда марапатталатын болады.
Жалпы нобельдік сыйлықтың жақсы-жаманы жоқ, бірақ алты саланың ішінде ең биік беделге ие «бейбітшілікті нығайтқаны үшін» номинациясымен берілетін сыйлық саналады. Оның үстіне, химия немесе физика салалары бойынша сол ғылымдағы жетістіктер ғана ескерілсе, бейбітшілікті нығайтуға байланысты номинацияға кез келген саланы сәйкестендіруге болады. Сонымен қатар, бұдан өзге салалардың номинанттарын нобельдік комитетпен сұратылған азаматтар ұсынса, «Бейбітшілікті нығайтқаны үшін» сыйлығы мұндай шарттармен шектелмеген.
Бәлкім, сондықтан болар, бұл сыйлыққа таласушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Әсіресе, АҚШ-тың 26-шы президенті Теодор Рузвельттің ізімен сыйлыққа ие болғысы бар көшбасшыларды айтпай кетуге болмас. Мәселен, 2009 жылы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемдік мүддені ойлауға, біржақты сыртқы саясаттан бас тартуға уәде берген американдық президент Барак Обаманың Ирактағы қақтығысты аяқтап, ол мемлекеттен әскерін алып шыққан қадамы осы марапатқа лайық деп табылған болатын.
Биылғы «Бейбітшілікті нығайтқаны үшін» сыйлығының фаворит-номинанттары қатарында Германия канцлері Ангела Меркель, Колумбия президенті Хуан Мануэль Сантос және АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден болғаны белгілі. Сонымен қатар, аталмыш сыйлыққа РФ президенті Владимир Путиннің кандидатурасын ұсынғандар да бар. Ұсынудың себебін «халықаралық терроризммен күресі» деп таратып жазғандар да аз болмады. Дегенмен, артық қыламын деп тыртық еткен ресейлік басшымен салыстырғанда халқын соғыстан алшақ, алауыздықтан әрі ұстаған біздің Елбасының кандидатурасын ұсыну әлдеқайда объективті деп есептеуге негіз бар.
Сөз соңында, Нобель сыйлығын алған отандасымыз жайлы айтпай кетуге болмайды. Бірі білсе, бірі білмес, 2005 жылы химияның атом энергетика саласы бойынша МАГАТЭ ұйымы марапатталған болатын. Ондағы 11 адамның қатарында жалғыз қазақ болды. Есімі – Достай Раманқұлов. Ұжым директоры Мұхаммед әл-Барадей 1,3 млн АҚШ долларын құрайтын соманың өзіне тиесілі 50 пайызын Мысырдың жетім балалар үйіне жолдаса, қалған 50 пайызды лауреаттар толығымен ісік ауруымен күрес жүргізуге аударған болатын. Көптің маңдайына жазылмаған сыйлыққа ие болғаны бір бөлек, сый-сыяпатын игі іске жұмсаған отандасымыздың әрекеті мақтанарлық, мақтауға тұрарлық және үлгі аларлық, талпынарлық іс саналады.
Назгүл Назар
Пікір қалдыру