Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Германия канцлері Ангела Меркель Ресейге қатысты санкциялардың сақталатынын айтты. Бұл туралы «Қамшы» порталы bbc.com-ға сілтеме бере отырып хабарлайды.
«Минск келісімдерінің толығымен іске кірісуіне дейін тараптар Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларды өз күшінде қалдыруды шешті», - деп мәлімдеді ұлыбританиялық баспасөз үкіметі Бакингемшир графтығында өткен Кэмерон мен Меркельдің кездесуінен кейін.
Көшбасшылардың тек Украинадағы ғана емес, сонымен бірге «Исламдық мемлекет» бүлікшілеріне қатысты жағдай мен Сириядағы қақтығысты да назарларынан тыс қалдырмағаны белгілі. Дэвид Кэмерон аталмыш дау-дамайлардың саяси жолмен ретке келтірілуі тиіс екенін тағы да айтып өтті.
Айта кетейік, Ресейге қатысты алғашқы санкциялар 2014 жылдың наурызында Қырымдағы басқындық әрекеттерден кейін салынып, Донбасстағы қақтығыстан кейін күшейтілген болатын.
Пікір қалдыру