Бауыржан Байбектің әкесі сотталып жатыр

/image/2023/07/12/crop-22_12_388x691_e686b01e-9c55-485e-886c-ad5f04297e51.jpeg

Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке қатысты сот жүріп жатыр.

"Сот кабинеті" порталында Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қыдырғали Байбекке қатысты екі іс қаралып жатыр.

Құжат бойынша Байбектің әкесіне ҚР ӘҚБтК-нің 319 бабы бойынша айып тағылған. Бұл бап бойынша күдікті жер учаскесіне тиісті құқығы жоқ өндірістік, тұрғын үй, шаруашылық, гидротехникалық (су шаруашылығы) немесе шаруашылық-тұрмыстық объектілерді заңсыз салғаны үшін жазаға тартылады.

Сонымен қатар, Қыдырғали Байбекке тағылған тағы бір айып ҚР ӘҚБтК-нің 463 бабының бірінші бөлігі бойынша қаралады.

Яғни, кәсiпкерлiк немесе өзге де қызметпен айналысқаны, рұқсатсыз әрекеттер (операциялар) жасағаны, талап етiлетiн жағдайларда хабарламаны жiбермегенi үшiн жауапқа тартылады.

Қыдырғали Байбек – Алматы қаласының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Еңбек жолын теміржолшы болып бастаған. Сонымен қатар, ол Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтің сыныптасы, әрі экс-президентпен жақсы қарым-қатынасымен танымал.

Қыдырғали Байбек зейнеткерлікке бірер жыл қалғанда "Алматы қаласының жолаушылар тасымалы" МКҚК бастығының орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.

Айта кетейік, оның ұлы Бауыржан Байбек мемлекеттік қызметке жоғары музыка мектебін бітіре салысымен бірден келген.

2015 жылы Бауыржан Байбек Алматы қаласының әкімі болып тағайындалды. Ол бұл қызметті 2019 жылдың 28 маусымына дейін атқарды. Одан кейін NurOtan партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымынан президент Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағалығын алғаннан кейін кетті.

Бауыржан Байбек  қаңтар оқиғасынан кейін елден кетіп, қазір Германияда тұрады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар