Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданының прокуратурасы Құлан-Энерго Жылу ШЖҚ КМК бас есепшісінің 7 миллион теңге жымқыру фактісін анықтаған.
Аудан прокуратурасы Құлан-Энерго Жылу ШЖҚ КМК қызметі бюджет қаражатын қалай жұмсағанына талдау жүргізді. Талдау барысында кәсіпорынның бас есепшісінің төлем тапсырмаларымен 7 млн теңге көлеміндегі бюджет қаражатын өзінің карточкалық шоттарына аударғаны анықталды.
Ол өзінің қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларының бағанына тауарлар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет үшін төлем жасалды деп көрсеткен.
Аудандық соттың 23 маусымдағы үкімімен кәсіпорынның бас есепшісі қылмыстық құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.
Сондай-ақ коммерциялық және өзге де ұйымдарда 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыру түріндегі қосымша жаза бар.
Үкім заңды күшіне енді. Заңсыз аударылған ақша мемлекетке толық көлемде қайтарылды.
Пікір қалдыру