Орталық сайлау комиссиясы пилоттық негізде өтетін аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлауға дайындық жұмыстарының қорытындысын шығарды.
Отырыста Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров сайлау өтетін өңірлерді аралау басталғанын мәлім етті.
«5 қарашаға тағайындалған пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері сайлауын дайындау және өткізу шеңберінде инпекциялық сапармен аумақтық сайлау комиссияларына әдәстемелік-практикалық көмек көрсету үшін Орталық сайлау комиссиясының мүшелері барлық 17 өңірді аралауды бастады. Мәселен, біз бүгінгі таңда 9 өңірге барып, олардағы 24 пилоттық аудан мен облыстық маңызы бар қаланы аралап, сайлауды өткізу барысымен таныстық. Біздің жұмыс сапарларымыз жалағасатын болады», - деп баяндады ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Ол атап өткендей, пилоттық өңірлерде кандидаттарды тіркеу 16 қыркүйекте басталып, 5 қазанға дейін жалғасты.
Сондай-ақ, жұмыстардың қорытындысын жариялаған Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Костантин Петров барлық өңір бойынша 249 үміткер тіркелгенін айтты.
«Біздің ақпаратқа сай, 45 әкім лауазымына 249 кандидат тіркелді. Бір орынға орта есеппен 5 үміткерден келеді. Дегенмен өңірлерге байланысты бәсекелестік әртүрлі. Атап айтқанда, бір орынға 9 кандидат үміткер болып отырған аймақтар бар. Курчатов қаласы, Жамбыл облысына қарасты Жуалы ауданы, Жетісу облысының Кербұлақ ауданында, Түркістан облысындағы Бәйдібек ауданында бір орынға үміткер болып отырғандар көп. Ең азы – Ақмола облысының Жақсы ауданы, Атырау облысына қарасты Исатай ауданы, Қостанай облысының Алтынсарин, Қарабалық және Денисов аудандарында», - деп мәлім етті Константин Петров.
Оның дерегінше, тіркелгендердің 63 пайыздан астамы өзін-өзі ұсынғандар болса, қалған 36 пайыздан көбі саяси партиялардың атынан сайлауға түсіп жатыр.
«Үміткерлердің орташа жасы – 47. Ең үлкені 1961 жылы туған, кішісі 1993 жылы дүниеге келген. Кандидаттардың басым бөлігі ерлер. Сонымен бірге 13 әйел адам бар», - деді Константин Петров.
Ұсынылған үміткерлердің 63 пайызы мемлекеттік қызметшілер, 6 пайыздан астамы уақытша жұмыс істемейтіндер. Қалғандары түрлі салаларда еңбек етіп жүрген азаматтар.
Нұрлан Әбдіров Атырау облысында аудан әкімдерінің сайлауға дайындық барысын пысықтағанын жаздық.
Пікір қалдыру