Шам жерінде шамы сөнген қазақтарға шамданатын шақ туды

/uploads/thumbnail/20170708200530316_small.jpg

Осыдан бір жыл бұрын Шам жеріне жиһадты көздеп, біржолата кетіп қалған қазақстандық бауырларымыз туралы youtube.com желісінде жарияланған бейнематериал көптің назарын аударған еді. Соғыс алаңына қоныс аударған 150 адамның қатарында ересектер қауымы ғана емес, бесіктен белі шықпаған 20-30 шақты балалардың да болғанын өз көзімізбен көрген едік. Қыз балалардың біразы хиджабпен тұмшаланса, енді бір бөлігіне жанарынан басқа түк көрінбейтіндей етіп, никаб кигізілген. Ал, бойжеткендер мен әйелдер қауымы видеода тіптен көрінбейді. Бейнематериалда жиһадшылардың тұрмыс-тіршілігі ғана емес, кішкентай балақайлардың да соғысқа дайындалатыны жөнінде көрсетілген: бірі дауыстап құран аяттарын оқыса, енді бірі ресейлік қауіпсіздік қызметінің екі өкіліне оқ атады-мыс. Аз уақытта әйгілі видеохостинг аталмыш материалды серверінен алып тастаған болатын. Айта кетейік, күні бүгінге дейін «youtube» компаниясы экстремистік сипаты бар 14 млн-ға жуық видеоны өшіріп үлгерген екен. 

Бірақ, осыдан екі күн бұрын «euronews» ақпараттық порталы кішкентай бүлдіршіндердің сондай лагерьлердің бірінен қашып шыққаны туралы материал ұсынған болатын. «Халифат балалары» деп аталатын балалар әскери лагері Сирияның солтүстігінде орналасқан екен. Аталмыш лагерь туралы интернеттегі видеоларда 15 жасқа дейінгі балалар әскери киім киініп, бастарына исламистік шүберек тағынып, оқытушыларының айтқандарын орындайды.

Әскери лагерьден қашып шыққан он төрт жастағы Рагиб әл-Яс Ахмед: «Олар бізге адамды қалай бауыздауды, өзіңді қалай жаруға болатынын үйретті. Қолыңды адамның маңдайына қойып, оның басын көтеріңкіреп, пышақты мойнына тақап тұрып, кесіп қалу керек. Ал, жарылғыш затты белге айналдыра байлап, оған қатыстырылған ақ металды тартып қалу керек, сонда бірден жарылады. Сонымен қатар, біз қол гранатасымен де қолдана аламыз – сақинасынан тартып, лақтырып жіберу керек, әйтпесе, оның қолымызда тұрып, жарылып кету қаупі бар» - деп, бар білгенін баяндап берді.

Рагибтің айтуынша, оған ислам дінін мәжбүрлеп қабылдатқан, сәйкесінше Құранды да қинап жаттатқан екен. Сонымен қатар, діні өзгелерді өлтіру – оның балалық міндеті саналған. Көпшілік балалар амалсыздықтан тұтқынға түскен туыстары мен достарын өлтіруге де барған көрінеді.

«Лагерьде оқудың бірінші деңгейінен өткендерді келесі деңгейге жібереді. Ол әлдеқайда күрделі, әлдеқайда қатаң. Себебі онда өткендерді Кобани қаласына соғысуға жібереді. Ондағы міндет – ислам дінін ұстанбайтындардың барлығын өлтіру болатын. Ал, соғыс уақытында қайтыс болатын болсаң, сендер бірден жұмаққа, олар тозаққа түседі деді».

Бүлікшілер ирактың Синджар қаласын басып алғанда, жүздеген жас жігіттер, қарт және ауру адамдар өлтірілген болса, әйелдерді секс-жиһадқа жіберіп, балаларды өздеріне, оқуға алып қалған болатын.

 «Әскери лагерьде мұсылман балалардан бөлек, 80-ге жуық өзге дін өкілдері болды. Ондағы балалардың жасы 5-тен 15-ке дейінгі аралықты құрайды. Менің 15 жастағы туысқан бауырым әлі солардың қолында. Бізді таңнан кешке дейін жаттықтырып, арасында қанға тұншыққанша қатты ұрып-тепкілейтін. Онысын камераға түсіріп, соңынан суреттер мен видеоларды әлеуметтік желілерге жүктеп отырды. Бізге жүктелген міндет атқарылмаған жағдайда қатаң жазаланатынымызды ескерткен болатын. Бұл дегеніміз, адамды әбден соққыға жығып, шыжыған күннің астына байлаулы қалдырып кетеді. Біз күнде таңертең сағат 4-те тұрып, сыйынып-жалбарынуға тиісті едік. Оған да бақылау жүргізіліп отырды. Егер әлдебіреу оянбай қалса, ол да қатаң жазалауға алынды. Оның үстіне, біз күніне бір рет қана тамақтанатынбыз», - деп, мұңын шақты лагерьден қашып құтылған тағы бір бала.

Ол бір жолы Құран аятын жөнді білмегені үшін қатты жазаланғанын айтты. Бұл үшін оны күн суықта батпаққа жатқызып, еңбектетіп, басының үстінен ауаға оқ атып тұрған екен. Оның құранды әдейі жаттамағандығын білетін болса, ендігі ретте өлтіретіндігін айтқан.

Балалардың зәре-құтын қашырудың жолы, өкінішке орай, мұнымен аяқталмайды. Өткен айдың басында террористерді жаттықтыру лагерінен қашып құтылған Фахми есімді балақайдың сөздері соның айқын дәлелі:

«Олар бізді жаттықтыру барысында, бізге өлім жазасына кесілген адам іспетті, жүріп бара жатқан жүк көлігінің астына түсуді бұйыратын. Олар маған: «Бара ғой, киелі өлім құш, Аллаһ сені күтіп тұр!», - деп, аспанды көрсететін. Кей уақыттары мен қатты қынжылып, олардан: «Егер Аллаһтың қайда екенін білетін болсаңдар, неге өздерің бармайсыңдар оған? Неге біз? - деп сұрағым да келді...».

Фахмидің жақын арада қашатынын кейбір балалар білген де екен. Бірақ, өздері ыңғай танытпапты. Көрінер-көрінбес мүмкіндік туған сәтте де лагерьде қалып қойған. Бәлкім-еріктің қалауы, бәлкім- қорқыныш...

Бүгінде 500-ден аса балақай осыншалық сұмдықтың объектілері болып отыр. Мәселен, Күрдістан демократиялық партиясы өкілдерінің жақында берген мәліметі бойынша, Ирактың солтүстігі Мосул қаласының өзінде 130 шақты бала ұрланған. Барлығы – жасы 15-ке дейінгі балалар. Кейбірін бассыздыққа салып ұрласа, енді бірін бүлікшілер арбап шақырады. Балаларды арбаудың жолы да сан алуан. Ең әйгілі әдісі – бастапқыда сыйақы беріп тұру. Бірақ,бір қызығы лагерьдегі балалардың басым бөлігі топтың құрамына тегін кірген екен.

Бүгінде елге төнген қауіптің дабылын қағып отырған, өкінішке орай, тек күрдістандық партия ғана емес. Мәселен, күні кеше Қырғызстан түрмесінен қашқан 9 адамның 4-і терроризм өкілдері екені белгілі болды. Орын алған жайт елдегі онсыз да тұрақсыз атмосфераны одан әрі ушықтырып жіберген көрінеді. Толық емес көрсеткіштердің өзіне сүйенсек, мемлекеттегі екі мыңға жуық адам – экстремизм жақтаушылары болып шықты. Олардың көбі, тіпті, түгел отбасыларымен барып, «жиһад жасауға» даяр екен. Ал, кетіп үлгергендердің 122-сі әйел адам, 83-і балалар және отбасы мүшелері түгелімен кеткені туралы әзірге 63 дерек бар.

Ал, Еуропаға қатысты айтатын болсақ, миграциялық дағдарыс кезеңі террористер үшін қолайлы жағдай тудыруы мүмкін. Мәселе олардың босқындар қатарын толықтырып, шекараны асып кетуге мүмкіндік алуында ғана емес. Кейбір сарапшылардың айтуынша, еуропалық мемлекеттерге жер асып келіп жатқан босқындардың өзі төнген қауіптің көрінісі екен. Неге дейсіз ғой?! – Бұрын - соңды ауру мен кедейліктен көз ашпаған адам өзге мемлекетке келіп, жәрдемақы алып тұруды арман тұтады. Террористер солардың арасынан өздеріне жақтас тауып алады. Алдайды, арбайды... Сондықтан, Еуропаға ағылып-төгіліп келіп жатқан босқындармен бірге, сол аймаққа терроризмнің жаңа өскіні келді деуге негіз бар... Демек, Меркель ханымның босқындарды қабылдау туралы шешіміне қарсы шығып, он мыңдап көше кезіп жүрген халықты түсінуге де болатын шығар. Қазақ жеріне келген елу қытай туралы сыбыс шыққанда да «ұрпақ құриды», «ұлт жойылады» деп, бас ұрмап па едік? Ал мына жағдай арнасы тіптен өзге, тіптен бөлек. Ұрпақтан бұрын, өзің жоғалып кететін қауіп бар. Мәңгүрттікпен тең жаһандық індет бұл. Айтпағым, ақсүйек қанымен мақтанатын Еуропа үшін де бұл қол сілтеп қойып отыратын жағдайлардың қатарынан емес.

Пәк көңіл балаларымызды, ақыл-санасы мол жігіттерімізді, он екіден бір гүлі ашылмаған қыздарымызды ақ жолдан адастырып, тура жолдан тайындырған бұл дүлейдің сыры тереңде жатыр. Індетті бұқараның арасына таратып жүргендер дінді саясаттың кезекті арнасына, халықты басқару құралына айналдырды. Мұны дінсымақ апиынмен басы айналған топтар білмегені мейлі, сезбейді де... Фанатизммен тұмшаланып, адамдығын қысқартқандар көбейді бұл күн... Халқының мәртебесін көтеруге бар санасы, өкінішке орай, ел тынысын бөгеп, құндылықтарын тұншықтыруға ғана жетті... Ұлтын шексіз сүйюге бар жүрегінің ұлты тұрмақ, туған елінен мүлде безіп, екі диюдың астарлы саяси мақсаты жолында шахид болуға ғана әлі жетті... Барлығы да рух беріктігінің жоқтығынан... Сана, жүрек, рух атаулы бір арнаға тоғысқан сәтте ғана бұл мәселе шешімін таппақ... Әйтпесе, адамдар ішінде діндарлар аз, діндарлар ішінде білетіндер аз, білетіндер ішінде ұстанатындар аз, ұстанатындар ішінде адалдары аз деген сөз бекер айтылмаса керек-ті...

Назгүл НАЗАР

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар