Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы қытай инвесторлары киік етін өңдеу үшін БҚО-дан жер телімін жалға алу туралы әкімдікке шамамен екі ай бұрын жүгінгенін мәлімдеген болатын.
Ол өз сөзінде: Қытайдан азаматтар келіп, «егер жер тауып берсеңіздер, біз киіктің, не жалпы, мал етін өңдейтін үлкен зауыт салар едік. Тереңірек өңдеуге қатысты жұмыстар туралы ойларын айтты» дей отырып, «біз олардың ұсынысын тыңдап, өз шарттарымызды ортаға салдық. Компания аймақта тіркелуі керек, сәйкесінше, салық аймақ бюджетін толықтырады. Зауыт жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуы керек. Қорқатын ештеңе жоқ, олар жерге иелік ете алмайды. Қайта сата алмайды. Шартқа келісіп, қаржы тапса, жерді береміз», деген еді.
Әкімнің бұл мәлімдемесі жергілікті тұрғындардың шамына тиді. Президенттің атына үндеулер жолдана бастады. Мәселе бұлай ушығып кетеді деп ойламаған әкім артынша құбылып шыға келді. Ол жеке парақшасында ешқандай жер телімі жалға берілмейтінін жариялады:
«Батыс Қазақстан облысы бойынша жер телімдері Қытайға жалға беріледі деп желіні кезіп жүрген желікпе сөздер жалған екенін жеткізгім келеді. Инвесторларды елге тарту жөнінде айтқан менің мәлімдемемнен қиылып, құрастырылып, бұрмаланып таралуда. Сондықтан халықтың қаймақтай ұйыған ауызбірлігін бұзуға бағытталған бұрма сөздерге ермеңіздер. ҚР Жер кодексінің 24 бабы бойынша шетелдіктер, шетелдік қатысуы бар заңды тұлғаларға жер сатылмайды, жалға да берілмейді», депті жазбасында әкім.
Премьер-министр Әлихан Смайылов та бұл мәселеге қатысты үн қатты:
– Біздің жер кодексінде шетелдіктерге, шетелдік компанияларға немесе шетелдің қатысуы бар қазақстандық компанияларға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға немесе пайдалануға тыйым салынған. Мұндай мүмкіндік тек қазақстандықтарда ғана бар. Сондықтан мұндай мәселе қарастырылмаған және қарастырылмайды. Бұл біздің ұстанымымыз, мемлекет басшысы да бұл мәселе бойынша нақты жауап берді, деді.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Жерге қатысты түрлі әңгіме бекерден бекер шықпайды. Тіпті әкімнің әлгі сөзі жаңалықтардан көрсетілді. Халық шуламағанда не болары белгісіз еді. БҚО-да онсыз да ет өңдейтін 5 кәсіпорын бар екен. Бұл туралы Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Махамбет Ихсанғали мәлім етті. «Оралда онсыз да ет өңдейтін бес кәсіпорын бар. Оның бірі – «Кублей» зауыты. Қалғандары шағын болса да, ет өңдеп отыр. Егер жаңа зауыт салынса ол облыста атылған киіктің етін бір жылда өңдеп тауысады. Сосын сиыр, жылқы етін өңдеуді бастауы мүмкін. Еттің бағасын көтереді. Өзіміздің бес кәсіпорын банкрот болып, талай адам жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Облыс әкімі «қытайлықтар біздің талапты орындамаса, олар кетеді, зауыт қалады» деді. Бұлай халықты алдауға болмайды. Қытай инвесторлары 100 гектар жерді қоршап, зауыт салса, оған күзет қойып, ешкімді кіргізбеуші еді», дейді ол.
Ендеше әкімнің әлгі брифингте алдымен «жерді береміз» дегені, сосын жеке парақшасында «жер берілмейді» деуі халықтың тамырын басып көру болды ма екен?
Кім білген?
Пікір қалдыру