"Жаңа Қазақстан". Жастардың құны 1 млн теңге

/image/2023/12/01/crop-2_2_464x826_1701319631409.jpeg
 
 

Тағы бір қайғылы оқиға қазақтың қабырғасын қайыстырды. Қаншама жас қыршыннан қиылып, қаншама отбасы қара жамылды. Обалы кімге? Қауіпсіздікке көз жұмған кәсіпкер ме, оны қадағаламаған жергілікті билік пе?

Алматыдағы студенттердің жатақхана мәселесі – жылда алдымыздан шығатын мәселе. Студенттердің саябақ жағалап, көшеде түнеп жүргені талай БАҚ-та жазылды. Алматыға келіп оқуға түсушілер көп, бірақ жатақханада орын жоқ.

– Оқу орны жатақхана бере алмады, баламды хостел дегенге жайғастырдым, амал жоқ. Айына 40 мың теңге төлейміз. Студент 40 мың төлейді деген не сұмдық? Оның өзінде орындар толып тұр, деп шағымын айтты бір студенттің анасы Алма Тұсаубаева.

Жатақхананың аздығы мен қаладағы пәтерлердің қымбаттығынан жастар хостел жағалайды. Кешегі өртенген хостелдің жағдайы тіпті сұмдық. Жертөле.

Жертөлені жатақханаға беру заңсыз. Ол Халық банкке қарасты «Куса халық» ЖШС-і Ala hostel ЖШС-іне жалға берген. Бұл ғимараттың адам тұруға арналмағанын, тек зат сақтайтын қоймаға арналғаны анықталды. Соған қарамастан, иелері ол жерден хостел ашып, адамдарды терезесі жоқ, ауасы тар жерге тұрғызған.

Бейресми деректерге сенсек, Алматыда 253 хостел бар. Бағалары тәулігіне 2 мың теңгеден басталады. 2GIS карталары Алматының хостелдерінде қазір небәрі 15-18 бос орын тұр дейді.

Қазақстанның әр түкпірі түгілі, алыс-жақын шетелден келген жұмысшылар мен студенттер жатыр, не санитарлық талапқа сай емес, не өрт қауіпсіздігі сақталмайтын жерлерде. Бірақ біздің құзырлы мекемелер әдетте тек қайғылы оқиға орын алғанда ғана қимылдай бастайды.

Бұл жағдайда жергілікті билік кінәлі. Жауаптылар жазалануы тиіс. Бірақ біздің билік қайғының бәрін ақшамен жуып-шайып үйренген. Журналист Гүлмира Әбіқай жазғандай, қайғыға адамша қайғыруға мұрша жоқ, оқиғаның байыбына барып, кім кінәлі екенін анықтап, зерделеудің орнына өлген адамға төленетін құн туралы ақпаратты алға шығарады.

– 5 бала өртеніп кеткенде Астананың ортасынан үй берілді деп басу айттық. Кейін босаныпты деп тағы шуладық. Бұның бәрі 5 періштенің орнын баса алмайды. Аягөздегі трагедияны ендігі ұмыттық та. Онда да 4 баланың өлімінен кейін үй береді деген ақпарат басым болды. Бірақ ол үй әлі берілмеді. Ай бұрынғы 46 шахтердің өліміне де 10 жылдық жалақы төлеу, несие өтеу және жаназалық өтемақымен жылы жабылуда. Бұл жолы да солай, хостелдегі өрттен қаза тапқан өз азаматтарымыздың туыстарына миллион теңгеден бөлінді. 1 миллион теңге ғана. Марқұм егер алматылық болса, жерлеуін ұйымдастырамыз, өзге аймақтан болса, денесін туған жеріне аттандырамыз деді. Қыршын кеткен жастардың арасында 15 жастағы колледж студенті бар. 13 жастың 12-сі Алматыдағы ірі 5 оқу орнының студенті. Оқу орындарының ректорлары студенттердің хостел жағалап жүргенінен бейхабар болып шықты. Олар «бұл студент бізден жатақхана сұраған жоқ» деп құтылды» дейді.

Бұл әрине, жастардың, студенттердің жағдайына ешкім алаңдамайтынын білдіреді. Кешегі орын алған қайғылы жағдайдан енді үкімет те, оқу орындарының ректорлары да сабақ алуы тиіс.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар