Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек премьер-министрдің атына су мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, еліміздің даласы көктемде көлге айналса, жазда шөлге айналады. Бұл мәселе жыл сайын қайталанып отырса да, әлі күнге осы шешілер емес.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тапшылығы мәселесін дер кезінде көтеріп, арнайы 20 жаңа бөген салу мен 3,5 мың шақырымдық каналды жаңғыртуды тапсырды.Бірақ, бүгінгі Үкіметтің салғырт әрі баяу қимылынан жақын арада Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі шешімін таппайтындай көрінеді. Оған бірнеше дәлеліміз бар, – деді.
Ресми деректер бойынша, елімізде 1478 гидротехникалық құрылғы бар. Оның ішінде 342 – су қоймасы, 219 – дамба, 119 – су торабы, 313 – тоған бар. Олардың 333 республикалық меншікте, 895-і – коммуналдық меншікте, ал ең қызығы 228-і жеке меншікте болса, 22-і – иесіз екен.
Депутат су пайдаланудағы келесі бір маңызды нысан – каналдар екенін айтты.
– «AMANAT» партиясы жанынан арнайы комиссия құру қажет деп санаймын. Партияның «Жер аманаты» аясында жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтарудағы табанды іс-әрекеті көпке белгілі. Осы тәжірибені каналдарға қатысты да қолдануға әбден болады, – деді.
Базарбек мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, еліміздегі жеке меншікке өтіп, бірақ қараусыз қалған, жұмыстары үйлестірілмеген су қоймаларын, дамбаларды, көлдерді, бөгендерді және тағы да басқа стратегиялық маңызды су нысандарын мемлекет балансына қайтару шараларын қолға алу қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ, осы салада заңсыздыққа жол беріп, талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылуы тиіс деп есептейтінін айтты.
Пікір қалдыру