ҚР Қорғаныс министрлігі қорғаныс ведомствосы басшысының «2024 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы» бұйрығының жобасын әзірледі.
Министрліктің хабарламасында жиын кезінде әскери міндеттілердің жұмыс орны мен атқаратын лауазымы сақталатыны айтылған. Оларға орташа жалақы, ал жұмыссыздарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы төленеді. Әскери міндеттілерді теміржол немесе автомобиль көлігімен тасымалдау, оларды тамақпен қамтамасыз ету ҚР Қорғаныс министрлігінің қаражаты есебінен жасалады.
Жиынға шақырылған барлық әскери міндеттілер казармалық жағдайда болады. Оларды бөлімнің орналасқан жерінен сейілге шығуын рота командирлері ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
Әскери тәртіп пен қоғамдық тәртіпті бұзғаны, қылмыс жасағаны, сондай-ақ мемлекетке келтірген материалдық залалы үшін әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер елдің заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады. Әскери міндеттілердің әскери жиындардан жалтаруы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл салуға әкеп соғатыны да ескертілген.
Пікір қалдыру