Иран – азаматтарының гомосексуализмдық әрекеттері үшін өлім жазасына, оның ішінде дарға асу жазасына тартатын аз мемлекеттердің бірі. Есесіне, исламдық Республика жыныс ауыстыру мәселесіне әу бастан либералды көзқарас танытады. Мұндай операцияларды жасау жөнінен бүгінде Иран Еуропаның өзін жеті есеге басып озып, транссексуализмнің отанына айналған Тайландтың көрсеткішіне ғана жетпей тұр. Оның үстіне, Ирандағы жыныс ауыстыру процедураларының 50 пайызы мемлекет тарапынан қаржыландырылады екен.
Күні кеше «еuronews» ақпараттық порталы Әмір есімді еркектен 10 жыл бұрын Таране есімді нәзік жандыға айналған азамат яки азаматша туралы материал жариялаған болатын.
Бүгінгі Таране: «Әмір деген адам енді жоқ. Мен өз арманымды іске асырып, өн бойымдағы бұғауларды бұзғандай сезіндім», - деген болатын. Бұл туралы «Қамшы » порталы материал дайындады.
Иран мемлекетінің діни көсемі Юсеф Саанеи Құранда бұл мәселе хақында ешбір «анықтық» келтірілмегендігі жөнінде былай деді:
«Исламда жыныс ауыстыруға тыйым салынбаған. Ал дінімізде заңға қайшы немесе зілді салдары бар әрекеттерден басқаның барлығына рұқсат етіледі деген қағидат бар».
Ал Таране, өз кезегінде:
«Мен жасаған әрекетіме байланысты ешқашан өкініп көрген емеспін. Дегенмен, алғашқы жылды дос-жарандарымның қолдауымен ғана өткергендігімді айтып өту керек. Анам наркоздан кейін оянғанымды білу үшін ауруханаға бір ғана рет қоңырау шалды. Одан кейін арамыз біржолата суыды», - деп, ағынан жарылды.

Таране сияқты адамдарды транссексуал деп атайды. Ал, транссесуализм Әлемдік денсаулық сақтау ұйымымен жасалған аурулардың халықаралық топтамасына кіріп, психика мен тәртіптің бұзылуы деген санатқа жататын. Бірақ, 2010 жылы француздық дәрігерлер алғашқы болып оны аурулар санатынан өшірген болатын. Осылайша, эпидемиялар қатарынан өшкен транссексуализм жаңа эпидемияның толқынын тудырды...
Жыныс ауыстырудың алғашқы тәжірибесі 1931 жылы Данияда жасалған болатын. Бірақ, 60-шы жылдарға дейін пластикалық хирургияның бұл түрі қоғамда қабылданбады, сондықтан да халық арасында таралуы бәсең еді. Ал, алпысыншы жылдардың алтын кезеңі – сексуалды революция келіп жеткенде, адамдардың хирургияның бұл түріне деген қызығушылығы бірден артқан екен.
Осылайша, Францияда жыныс ауыстыру бойынша мамандандырылған арнайы клиникалар ашылып, 1978 жылы АҚШ-та дәрігерлердің арнайы халықаралық ассоциациясы құрылды. Бүгінде жыныс ауыстыру көптен-көп пластикалық құбылыстардың бірі ғана.
Мәселен, Ұлыбританияда 2000-2010 ж.ж. арасында әйел болуға ниетті 853 ер адам, ендігі қызықты қараңыз, еркек атануға ниетті бар болғаны 12 әйел адам хирург пышағының астына жатқан екен. 2000 жылы жыныс ауыстыру мақсатымен өткен елдегі операциялар саны 54-ті құраса, келесі жылдың өзінде бұл сан 143-ке дейін күрт өсті. АҚШ-та жыл сайын өткізілетін операциялар саны 500-ден асып кетеді екен.
Ал жыныс ауыстыруға баратындардың орташа жасы – отыз жас. Дегенмен, бұл ересек жаста да адамдар «өзгеруінің» салдарын толық түсініп, бағамдамайтын көрінеді.
Жынысы ауысқан адам иммунитеттің төмендеуі, түрлі ісік процестері, адам терісінің трансформациялануы сынды постоперациялық мәселелерге жолығады. Онымен қоймай, еркектер әйел ауруларына, әйелдер еркекке тән ауруларға шалдыға бастайды. Күніне 5-6 реттен, бүкіл өмірі бойы қабылдайтын гормондардың шексіз мөлшері бауырдың, бүйректің және асқазанның қабынуына алып келеді екен.
Аталмыш операцияның басты салдары – отбасының бүлінуі. Баласы бар адам, операциядан кейін әке немесе ана статусынан бірден айырылады, ерлі-зайыптылық та тоқтатылады. Осылайша, ата-ана, жар болу бақытынан бірден айырылып, бауыр-туысына дейін теріс айналып, саны көп ауру-сарсаңға ұшыраған «жаңа заман» адамдары көбінде депрессияға ұшырайды. Мұндай психологиялық күйзеліс, өз кезегінде суицидке әкеліп тынады. Міне, осындай күнәлі оқиғалар тізбегі...
Жүрек қалауы өз соңынан шексіз күнә ертетінін адамзат атаулы аңғарып білсе де, жыныс ауыстыру статистикасының саны еш төмендер емес. Керісінше, күн сайын, «натурал емес» топқа жататындардың мүддесін «натуралмен» тең еткісі келетіндер көбейді. Батыста тіпті гомосексуалистті немесе транссексуалды жұмыстан шығару қиынның қиыны. Адамдардың бұл типінің құқығы да, қолдаушы «кәсіподақтары» да көп бүгінде. Сол үшін ол елдерде оларға қарсы дау бастап, абырой таппайсыз . Керісінше, өз басыңызға өзіңіз сақина тілеп аласыз, адам теңдігіне келтірген шүбәлі көзқарасыңыз үшін. Сондықтан болар, АҚШ-тың кейбір данасымақтары «әке» және «ана» деген сөздерді қолдануға болмайды, әйтпесе бір отбасындағы екі «әкеге», я екі бірдей «анаға» найзаның ұшы тиіп кетуі мүмкін дегенді шығарды. Күні бүгін бұл мемлекеттегі ата-аналарды «1-ші серік», «2-ші серік» деп атау белең алып келеді. Ғаламдық мағынаға ие «ана», «әке» деген сөздер әлемнің әр тілінде құлаққа жағымды естіліп, жүрекке сөз жеткісіз жылу сыйлайды. Киелі ұғымға ие бұл сөздерді тұншықтырып, көмгенше, өмірден өзің безіп кетпейсің бе дегің келеді еріксіз?!.
Қысқасы, түсінгеніміздей, заманауи бұқаралық мәдениет адамзат баласына «өзгеге ұқсас келмеу» - бүгінгі трэнд, мода деген ойды таңып әлек. Ал, аталмыш «керемет идеяның» жақтаушысы болмасаң егер, демек, өмірден біраз артта қалып қойғаның екен-мыс. Мұндай індетке жаны түгіл, жұлдызы қарсы болған қазақ елінде де Пушкин мен Құрманғазыны сүйістіріп, жанға жара түсірген «модашылардың» табылғаны өкінішті. Барлығы да өз арамызда жүр – транс-, гомо-, би-, тағысын тағы сексуалдары, барлығы да жүрек түбінде қалып жүр – сарылтқан сары уайым, бойды билеген қорқыныш, өзек өртер өкініш болып...
Құранда да, Інжілде де, Тәңірден түскен өзге кітаптарда да жоғарыдағы ирандық діни көсем айтпақшы, жыныс ауыстыру туралы ләм-мим делінбейтіні рас, тек гомосексуализмге үлкен тыйым екені айтылған. Бірақ, сайтан атаулы арбайтын амал, адам адасатын жол табады екен: Хауа анадан бастау алатын табиғатын өзгертуге шарасыз екенін осылайша дәлелдей береді, дәлелдей береді...
Назгүл НАЗАР