Ол жазған хатында:
«Ермұрат Бапи аға мен Ринат Зайытов бауырыма.
Үшеуіміз де – Сатқынбыз. Мен – билік үшін. Ал сіздер халық алдында Сатқынсыздар. Егер бабаларымыз Қабанбай мен Қазымбет тіріліп келсе, қайсымызды қамшының астына алар екен» дейді ол.
Әлеуметтік желілерде тараған хаттың жазылғанын Думан Мұхамедкәрімнің әкесі Алмас Тілепов растаған екен.
Хаттың жазылғанынан мәжілісмендер де хабардар. Әрі хаттың бірінші өздерінің қолдарына тигендерін де айтады.
– Басында Думанмен ол қамалмай тұрғанында әңгімелескен кезде көп нәрсені талқылаған едік. Мен оған өз ойымды жеткізе алмадым. Кейде адамға басқа ой салу үшін солай тікесінен қатты-қатты нәрселерді айтады. Бұрын да өзі ютуб-каналын жүргізіп жүрген кезде «мына жерде неге осылай айттың?» деген кезімде «аналардың әдейі ашуына тию үшін айттым» дейтін. Сондай стильде өзі. Бұрыннан журналистикадан бұрын сатираға жақын, сондай жігіт қой, – деп жауап берді Ринат Зайытов.
Ал Ермұрат Бапи Думанның хатымен еш келісе алмаймын деген.
– Оның не ойлап отырғанын, қандай мақсатта айтқанын білмеймін. Мен ол пікірге ешқашан келіспеймін. Ринат екеуміз көтеріп жүрген мәселеміз парламенттегі заңнамаларды дайындау мәселесіне де, депутаттық сауалда да, халықтық, елдік, мемлекеттік мүдде деңгейіндегі тақырыптар. Сондықтан Думанның долбары басқаша шығар. Мен ол пікірмен келісе алмаймын, – дейді ол.
Мәселенің тарихына оралсақ, Ермұрат Бапи мен Ринат Зайытов қатысқан Мәжіліс сайылауына журналист Думан Мұхамедкәрім де кандидатурасын ұсынған. Алайда оны кандидат ретінде тіркемеген. 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауының нәтижесіне қарсылық білдіріп, халықты жаппай көтеріліске шақырғаны үшін 25 тәулікке қамалған болатын. Кейін оны қамау мерзімі ұзартылып, үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Содан бері журналист түрмеде әлі отыр. Тіпті бірнеше рет аштық жариялады. Қазақстандық құқық қорғаушылар Думан Мұхамедкәрімді «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.
Пікір қалдыру