Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыдағы жер сілкінісі туралы сөз қозғады.
– Көріп отырғанымыздай, Төтенше жағдайлар министрлігі, әкімдік және басқа да мемлекеттік органдар орын алған жағдайға қатысты шұғыл әрекет ете білді. Бұл жолы дабыл сиренасы мен халықты құлақтандыру жүйесі уақытылы іске қосылды. Қала халқы қабылдау пункттеріне эвакуацияланды. Бағымызға қарай, айтарлықтай зардаптар болған жоқ. Қазір орын алған жағдайды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Төтенше жағдайлар министрлігі елдегі сейсмологиялық ахуалға тұрақты мониторингті қамтамасыз етуі керек екенін атап өтті.
– Күштер мен құралдар сақадай сай болуға тиіс. Халықпен ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің таулы аймақтарында сел және лай көшкіні жүру қаупіне қатысты тиісті мониторингті қамтамасыз етуі керек. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде шұғыл әрекет ету шараларын қабылдаңыздар, – деді Олжас Бектенов.
Пікір қалдыру