Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров көлікке қатысты утильалым және алғашқы тіркеу төлемдеріне қатысты Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдады.
Депутат өз сауалын премьер-министр Олжас Бектеновке жолдады.
Онда сенатор автокөлік алуға жеңілдетілген несие беру бағдарламасы халықты жаңа автомобильдермен қамтамасыз ету мақсатын орындай алмағанын жеткізді. Сондай-ақ жаңа және сапалы автомобильдерге қол жеткізудің қиындығы көлікті есепке қоюдағы заңсыздықтың көбеюіне себеп болғанын атады.
«Қозғалтқыш көлемі екі мың текше сантиметрге дейінгі, шыққанына 3 жылдан аспаған автомобильдер үшін утильалым мөлшерін 150 000 теңгеден аспайтындай етіп қайта қарауды сұраймын. Кедендік бажды есептеу кезінде оның көрсеткішін азайту жағына қарай қайта қарау керек. Қазіргі кезде автокөліктердің біразын Қытайдан Қазақстанға Қырғыз Республикасы арқылы әкелінетін фактілер бар. Өйткені автокөлік иелері ҚҚС пен бажды біздің мемлекетімізге қарағанда бірнеше есе аз төлейді. Шығарылған жылын қоса алғанда, бес жылға дейін көлік құралдарын мемлекеттік тіркегені үшін алым мөлшерлемесін 0,25 АЕК көлемінде қарастыруды ұсынамын», – деді Бекбол Орынбасаров.
Сенатор аталған ұсыныстар Қазақстан азаматтарына сапалы және бағасы тиімді автокөліктерді алуға мүмкіндік беретінін айтты.
Пікір қалдыру