Қазақ тілінің жанашыры, «TAS GROUP» компаниясының басшысы Дулат Тұрсынұлы «Эйр Астана» әуекомпаниясымен жиі ұшатынын әрі әр ұшқан сайын бортсеріктердің 85-90 пайызы қазақ болса да, ана тілінде қызмет көрсетуге асықпайтынын әлеуметтік жеке парақшасында жазды. Сондай-ақ меценат компания басшылығы тіл мәселесін тез арада шешіп, оған бейжай қарамау керектігін, тіпті қажет болса серіктес ретінде компанияға қазақ тілін енгізу жолдары туралы пікір алмасуға дайын екенін айтады.
Отандық әуекомпаниялар жайлы сөз қозғайтын болсақ, есімізге бірінші болып «Эйр Астананың» түсетіні хақ. «Эйр Астана» – әлемдік авиация нарығындағы алдыңғы қатарлы, сапасы, қызмет көрсету деңгейі жағынан шоқтығы биік компаниялардың бірі. Тек бір өкініштісі – компания қызметкерлерінің әлі күнге дейін өз ана тілінде лайықты деңгейде қызмет көрсете алмауы. Бортсеріктердің шамамен 85-90 пайызы өзіміздің қара көз қазақтар болғанына қарамастан, көпшілігі қызметті орыс тілінде көрсетуге асығады. Мұның себебі компания басшылығының дұрыс талап қоя алмауында ма, әлде бұл қалыптасып қалған әдет пе?
Көпке топырақ шашуға да болмайды. Қазақ тілінде әдемі қызмет көрсетіп, құлақ құрышыңды қандыратын бортсеріктер де жоқ емес, бар. Мысалы, жақында Алматыдан Бангкокқа ұшқан сапарымда Павел есімді бортсерік маған бастан-аяқ қазақ тілінде өте тамаша қызмет көрсетті.
Мен, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті және жай ғана өз тіліне жаны ашитын қазақтың ұлы ретінде «Эйр Астана» компаниясының айтылған сынды дұрыс қабылдап, бұл мәселеге бейжай қарамай, тиісті шаралар қолдануын сұраймын. Тіпті басшы ретінде компанияға қазақ тілін енгізу жолдары туралы пікір алмасуға да әрдайым ашықпын. Ал, сіздер «Эйр Астанамен» жиі ұшасыздар ма? Отандық әуекомпанияларының қызметкерлері сіздерге қай тілде қызмет көрсетеді? Сіздер бірінші кезекте қазақ тілінде қызмет көрсетуді сұрайсыздар ма?, – дейді тіл жанашыры Дулат Тастекей.
Пікір қалдыру