Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жезөкшелер үйлерін ұйымдастырып, кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тартты деп айыпталған 12 адамға үкім шығарды.
Сыбайластар 2019-2022 жылдар аралығында Шымкент, Тараз және Қызылорда қалаларында жұмыс істеген. Олардың арасында 20-30 жас аралығындағы қыз-жігіттер, осы қалалардың тұрғындары, сондай-ақ Өзбекстанның бір азаматы болды.
“Қаскөйлер 15-16 жас аралығындағы кәмелетке толмаған қыздарға интимдік қызмет көрсеткені үшін күніне 20 000 теңгеден 200 000 теңгеге дейін ұсынған. Қыздар келісім бергеннен кейін оларды арнайы жалдамалы пәтер немесе үйлерге орналастырған. Соның ішінде оларды бақылауда ұстап, тек клиенттерге қызмет көрсеткенде босатқан”, – делінген хабарламада.
Жұмыс істеуден бас тартқандарды ұрып-соғып азаптаған. Жеңгетайлықпен айналысқандар екі қызға ыстық үтік басқан, сосын оларды 10 миллион теңге қарыз еткен.
Тергеу топтың қылмыстары туралы жеткілікті дәлелдемелерді жинады, дегенмен ұйымдасқан қылмыстық топты құру және басқару, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және адам саудасы бойынша айыпты сот дәлелденбеген деп таныды.
Кінәлілер 6 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Пікір қалдыру