Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инфекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Алмаш Ахметованың сөзінше, 1 наурыздан бастап кене инфекцияларына және халықтың кене шағуына байланысты медициналық ұйымдарға өтініштеріне апта сайын мониторинг жүргізіледі.
«Эпидемиялық маусымның басынан бері медициналық ұйымдарға кене шаққан 135 адам жүгінді, оның 84 бала. Көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,3%-ға жоғары. Барлығына шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Көрсеткіштер бойынша кенеге қарсы иммуноглобулин енгізілді», — деді Алмаш Ахметова.
Спикердің сөзінше, Алматы қаласының маңы кене инфекцияларының тасымалдаушысы иксод кенелері таралған эндемиялық аймаққа жатады.
«Осы жылдың басынан бері қалада кене инфекциясы тіркелген жоқ. Алматыда кене шағуынан зардап шеккен адамдарға шұғыл көмек көрсету медициналық ұйымдардың 5 травматологиялық пунктінде жүзеге асырылады. Серопрофилактика пунктері кенеге қарсы иммуноглобулинмен қамтамасыз етілген, қазір 19 литр 766 мл бар», -деді маман.
Пікір қалдыру