Оның пікірінше, Қазақстанның болашақта ыдырап, Ресейдің айналасында бірігуден басқа амалы қалмайды.Sputnik радиосында Хазин Қазақстанды әртүрлі элиталық топтар арасында өте үлкен ішкі шиеленісі бар осал ел деп санайтынын айтты. Оған дәлел ретінде 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаны мысал етті.
“Қазақ элитасындағы терең қайшылықтар ешқашан шешілмеген және жойылмаған. Егер елде кез-келген күрт саяси өзгерістер орын алса, бұл әртүрлі топтардың жиналып қалған ашуының сыртқа шығуына, қарсыласуына әкеліп соғады”, - деді сарапшы.
Ол осыған байланысты Қазақстанда елдің бірнеше жекелеген бөліктерге ыдырау қаупі жоғары екенін түсіндірді.
Сонымен қатар, Хазин қазақстандық басшылықтың Еуропамен сауда қатынастарын құру әрекеттерін де сынады. Оның пайымдауынша, бұл Қазақстан үшін сәтсіздікке әкеледі.
“Себебі болашақта еуроаймақта экономикалық дағдарыс орын алса, еуропалықтардың Қазақстан шикізатын сатып алуға ақшасы болмайды. Олар үшін өз тауарларын сата алатын жалғыз орын Ресей Федерациясы бастаған үлкен бірлестік болады”, - деді Михаил Хазин.
Осылайша, ол Қазақстан мен Армения Ресеймен тығыз ынтымақтастықты бастайтынын болжады.
Хазиннің айтуынша, жаңа жаһандық экономикалық дағдарыстың басталуы бұрынғы кеңестік республикаларға Ресейдің жаңартылған одағына бірігуінен басқа таңдау қалдырмайды. Тіпті Владимир Путин мұны бұрыннан болжап, 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одақты құрған.
Сарапшының пікірінше, енді бұл алаң, ресейлік ТМД-ның барлық елдерін біріктіруі керек. Егер бәрі жоспар бойынша жүрсе, болашақта ЕАЭО толыққанды валюта аймағына айналып, Ресей оның орталығында болады.
Пікір қалдыру