Алматы облысы бойынша мемлекеттік аудит қорытындысы шығарылды

/image/2024/05/31/157a243da13326cf09a2a2d9e8190b9a_1280x720.jpg

Жоғары аудиторлық палата Алматы облысында мемлекеттік ресурстардың пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген тексеріс жұмыстарын аяқтады. Тексеріс нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Палата отырысында қаралды. Бұл туралы Жоғарғы аудиторлық палата мәлім етті. 

Мемлекет басшысының бастамасымен Алматы облысы 2022 жылы Жетісу облысының құрылуымен екіге бөлінді, ал оның жаңа орталығы Қонаев қаласына ауысқан болатын. Өңір экономикасының негізгі драйверлері – өнеркәсіп пен АӨК. Алматы облысының өнеркәсібі 90% өңдеуші сектор кәсіпорындарынан тұрады. Бұл – республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып табылады.

2023 жылы өңірде 30-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды, бұл мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Ірі инфрақұрылымдық жоба – ұзындығы 66 км құрайтын Үлкен Алматы айналма автожолы (ҮАААЖ) іске қосылып, қала тіршілігіне оң серпін бере бастады.

Қонаев пен Алматы арасындағы G4 City жобасы да қайта жанданды. Қазір облыста туризм саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында Көлсай, Қайыңды көлдерін және Қапшағай су қоймасын абаттандыру жалғасқан. Мұның бәрі экономикалық дамудың жанданғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджеттен трансферттерге тым тәуелді екені анықталған. Әсіресе жеке инвестициялардың ресурстары толық қолданылмайтыны белгілі болған.

"Мердігерлік ұйымдардың бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіруі салдарынан болатын жүйелік проблемалар жергілікті бюджетке қосымша жүктеме салуда. Мәселен, 2022 жылы құны 129 млрд теңгеден асатын 110 жоба және 2023 жылы 110 млрд теңгеден асатын 81 жоба нормативтік мерзімде аяқталмаған. 2021 жылы басталған 5 автожолдың құрылыс-монтаждау жұмыстары қаржыландырылмауына байланысты тоқтап тұр"-делінген ресми мәлімдемеде.

G4 City жобасы аясында 10 жылдан астам уақыт бұрын іске асыру басталған қазіргі Алатау қаласының объектілерімен байланысты бұзушылықтар бар екені белгілі болды. Атап айтқанда, бухгалтерлік есептегі бұзушылықтар анықталып отыр.

"Қонаев ӘКК АҚ "айналым схемасы" арқылы бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыруға алынған 4 млрд теңге кредиттік бюджет қаражатының тек 1,5 млрд теңгесі (38%) жұмсалған. Қалған 2,5 млрд теңге (62%) жүйелі түрде депозиттерге салумен банк шоттарында сақталуда"-деп хабарлады палата.

Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде Алматы облысында жалпы сомасы 16,7 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды, оның 12,2 млрд теңгесі бухгалтерлік есепті жүргізуге қатысты. Бүгінгі таңда аудит қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтардың 96%-дан астамы жойылған. Сондай-ақ 485 рәсімдік бұзушылық және 20 жүйелік кемшілік анықталған.

Қазіргі уақытта Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған бұзушылықтарды жою үшін орталық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге тиісті қорытындылар мен ұсынымдар берген. 

 

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар