Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс жоспары бойынша Бостандық және Алмалы аудандарын аралау барысында әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен, ауданды сумен жабдықтау, мектептерді жөндеу, қоғамдық кеңістіктерді көркейту мәселелері бойынша жүргізілген шаралармен танысты .
Бостандық ауданы Марков көшесіндегі жаңартылып жатқан ұзындығы 1,2 км құбыр қала әкімінің назарына іліккен өзекті мәселенің бірі. Бұл желі 50-ші жылдардың соңында пайдалануға берілген, қазір әбден тозып, істен шыққандықтан, ауданды сумен қамту кезнде үлкен мәселе тудырып отыр. Былтыр басталған жұмыс мердігердің кесірінен кешіктірілілген еді. Соның салдарынан мердігерді жауапсыз жеткізуші деп тану туралы талап қойылды.
Ерболат Досаев нысанды тезірек пайдалануға беруді және құбыр желісін жаңарту кезінде қазылған асфальт төсемді қалпына келтіруді тапсырды. Жаңартылған құбыр 43 көппәтерлі тұрғын үйді мен ауданның 6 әкімшілік ғимаратын сапалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Алмалы ауданындағы Волховская көшесінде орналасқан сумен қамту станциясының да жағдай мәз емес. 32 жылдан астам уақыт бойы жөнделмеген нысан апатқа ұшыраған. Соның кесірінен ауданда сумен қамту кезінде үзіліс болып тұр. Мәселені түбегейлі шешу үшін қала басшысы станция жабдықтарын ауыстырып, ғимаратты жөндеуді тапсырды. Апаттық нысанды қалпына келтіру жұмыстарын осы жылдың маусым айында бастау жоспарланған. Станция қалпына келтірілген соң 4 көпқабатты үйдің 500-ден астам тұрғынын сапалы сумен қамтамасыз етеді. Айта кетейік, бұған дейін ауданда Әйтиев пен Төле би көшесінің бойындағы екі сорғы станциясы қалпына келтірілді.
Қалада білім беру нысандарына күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 30 жыл бұрын салынған №70 мектеп ғимараты бар. 2022 жылы жөндеу жұмыстары басталған. Бірақ мердігер мерзімді бұзып, оған айыппұл салынған болатын. Ерболат Досаев мектептің ішкі дизайнын жасау кезіндегі жіберілген кемшіліктеріне зер салып, мектепті жабдықтауға ерекше назар аударуды тапсырды. Сондай-ақ, жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық жұмысты аяқтауды тапсырды.
Қазіргі уақытта қалада Сайран су қоймасы аумағын абаттандыру жалғасып жатыр. Қаладағы қатты ескірген ғимараттар мен сәулет нысандарын сүру жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ, ауданда демалыс аймақтарын құру көзделген, мұнда алғаш рет екі жағалауды байланыстыратын понтонды өткелдер орнатылып, лотос отырғызылады. Көгалдандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Жаңартылған жағалау қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орталығына айналатын болады.
Сондай-ақ, Алмалы ауданында тұрғындардың өтінішімен тозығы жеткен нысандардың орнына Сейфуллин даңғылы мен Мәметова көшесінің қиылысында ауданы 0,3 га болатын жаңа сквер салынады. Мегаполис басшысы әлеуметтік жауапкершілік аясында инвестор есебінен жүзеге асырылатын жобаны қарап шықты. Жұмыс биыл қазан айында басталатын болады.
Ұзақ уақыт қараусыз қалған нысандар да қайта жаңғыртылатын болады. Абай даңғылының бойындағы Тұрғыт Өзал көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі бөлу жолағында жөндеу жұмыстары 15 жыл бұрын жүргізілген. "Халық қатысатын бюджет" жобасы бойынша мұнда жарықтандыру жүйесі, жаяу жүргіншілер аймағы жаңартылып, суару жүйесі орнатылады. Жоба осы жылдың күзінде жүзеге аспақ. Ерболат Досаев қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай жасау үшін сапалы материалдар мен көше жиһаздарын пайдалану қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар, "Халық қатысатын бюджет" бойынша Мәметова көшесіндегі 60 жыл жөндеу көрмеген аула жөнделді. Сапар барысында Алматы әкімі сейсмологиялық бақылау мен зерттеудің ұлттық ғылыми орталығына, №14 жаңғыртылған кітапханаға, инклюзивті білім алу үшін барлық жағдай жасалған Алматы технологиялар және флористика колледжіне де барды.
Пікір қалдыру