Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Forbes Қазақстанда Top-25-ке кірген белді бизнесмен Владимир Жұманбаевқа іздеу жариялады.
"Вертекс Голд" компаниясының иесі Владимир Жұманбаев Камчы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырды деген күдікке ілінді. Деректерге сай Жұманбаев Көлбаевтың қылмыстық әрекеті туралы біле тұра бірлескен бизнес-жобаларды жүргізу үшін онымен байланыс орнатқан.
Тергеу мәліметтері бойынша, Жұманбаевтың Қырғызстандағы алтын өндіруші компаниясы 2021 жылдан 2023 жылға дейін ай сайын 1 миллион сомды қылмыстық ұйымға жіберіп отырған.
"Кәсіпкердің өзі Көлбаевпен Ыстықкөлдегі "Барс" демалыс орталығында бірнеше рет жеке ұшақпен келіп, кездесулер өткізген", – делінген хабарламада.
Тергеу сонымен қатар Жұманбаевтың компаниясы Қырғызстанның мемлекеттік органдарынан кірістердің нақты көлемін жасырғанын көрсетті.
Жұманбаев Қырғызстанда сот шешімімен сырттай қамауға алынды. Кәсіпкер мемлекетаралық, оның ішінде Интерпол желісі бойынша іздеуде.
Пікір қалдыру