Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымын реформалау және жаңғырту қажеттігіне арнайы тоқталды, - деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
"Қарқынды жаһандық өзгерістерге байланысты біздің алдымызда ШЫҰ қызметін одан әрі жетілдіруге бағытталған маңызды міндет тұр. Ұйым аясының кеңею үдерісі жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, оны дамытуға тың серпін береді. Еліміз ШЫҰ-ға төраға ретінде Ұйымды ынтымақтастықтың бұдан да тиімді әрі көпжақты механизміне айналдыруды көздейтін теңгерімді ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, біз ШЫҰ Хатшылығы мен Бас хатшының рөлін күшейтуді құптаймыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті айтылған барлық ұсыныс ШЫҰ-ға мүше елдерге ортақ игі мақсаттарға қол жеткізуге барынша үлес қосуға деген шынайы ниеттен туындағанын атап өтті. Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, қолдағандары үшін Ұйымға мүше елдердің басшыларына ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинді ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне төраға болуымен шын жүректен құттықтап, Қытай тарапына табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты қорытындылай келе, көпжақты ынтымақтастықты ілгерілету жөніндегі ауқымды мәселелер талқыланғанын, Ұйымды одан әрі дамыту бағыты айқындалғанын атап өтті.
"Біз Шанхай ынтымақтастық ұйымының келешегінен зор үміт күтеміз. Осыған орай Ұйымның халықаралық аренадағы беделі мен ықпалын одан әрі арттыру үшін ШЫҰ тетіктерінің жұмысын жетілдіруге баса мән берілді. Қазір біз қол қоятын құжаттар ШЫҰ тарихындағы тағы бір маңызды кезеңге жол ашатынына, сондай-ақ Ұйымның жүйелі әрі жан-жақты дамуына септігін тигізетініне сенімдімін", – деді Қазақстан Президенті.
Пікір қалдыру