Тараз қаласына жақын жатқан Жамбыл ауданында «Амангелді» өндірістік кооперативі бар. Бұл облыстағы ең іргелі шаруашылықтардың бірі. Кооператив төрағасы Қасымхан Қанаев биыл 70 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен пияз ектік дейді. Көктемгі қарбалас кезінде егістікке қолмен арық қазып жатсақ, Қытай елінен келген мамандар «Не істеп жатырсыңдар?» деп таңғалады. «Арық қазып жатырмыз» дедік. Сөйтсек қытайлар «Біз мұндай арықты бала кезімізде көргенбіз. Аталарымыздың осылай жер қазып жататыны еміс-еміс есімізде қалыпты. Ал, қазір біздің елде мұндай арық қазбайды. Барлық егіс тамшылатып суарылады», деп қазылған арыққа қарап аң-таң болады. Шынымды айтайын, қытайлардың мына әңгімесіне енді біз таңғалдық. Арық-атызы жоқ егіс алқабын көз алдыңызға елестете аласыз ба? Жоқ. Бірақ қытайлардың айтып тұрғаны рас еді.
Иә, шынында, тіршілігі қым-қуыт Қытай елінен біздің үйренеріміз, аларымыз көп. Аспанасты елінің жері де, тірлігі де алып, орасан. Жақында ғана ғаламтор бетінде Қытай жерін спутниктен түсірген суреттер жарияланды. Жазық жері түгілі тау басындағы ашық алаңқайларды да игеріп, кәдеге жаратып отырған көрші елдің жері жап-жасыл. Барлық тұсына су жеткен. Әрине, мұның бәрі сол тамшылатып суару жүйесінің арқасында екені анық.
Содан болар, соңғы жылдары біздің елде де тамшылатып суару жүйесіне деген қызығушылық артып келеді. Бұл іске деген қызығушылықты қырғыз елінен келетін арықтағы судың науқан кезінде мүлдем азайып қалатыны да жеделдетіп отырғаны белгілі. Жыл сайын егіннен мол өнім бола ма, жоқ па деген мәселені қашанғы көрші елден келетін арықтағы су шеше береді?! Әрине, жергілікті әкімдік қырғыз ағайындармен тығыз қарым-қатынас жасап, ағын су мәселесін бірлесіп шешіп, диқандарға қолдан келгенше көмек жасауда. Әйтсе де кей жылдары өзеннің басында отырған қырғыздардың өздері де ағын суға жарымай қалатыны жасырын емес.
Мамандар есептеп шығыпты, мысалға, сіз 1 гектар жерге жүгері егіп, тамшылатып суару жүйесін енгізсеңіз, кемінде 450-500 мың теңгенің көлемінде табыс табуға болады. Қондырғылар мен құрылғылар, сусорғыштар жүйесін орнатуға жұмсалған шығынды бір жылда өтеп тастайсыз. Байзақ ауданындағы Шарипов шаруа қожалығы 5200 гектарға көкөніс егіп, соның 503 гектарына тамшылатып суару жүйесін енгізіпті. Соның арқасында гектарынан 100 тоннадан пияз алып отыр. Ескікөз мамандардан сұрадық, Кеңес Одағының кезінде пияз егушілер ең мықтағанда 35-50 тоннадан өнім алған екен. Жаңа жүйенің тағы бір тиімді тұсы – электр энергиясын, суды және тыңайтқышты үнемдеуге мүмкіндік береді. Мақала басында әңгіме болған «Амангелді» ӨК де осындай жолмен мол табысқа кенеліп отыр.
Дәл осы Байзақ ауданындағы «Ниет» шаруа қожалығы 5 гектар жерге қарқынды алма бағын егіпті. Бұл баудың ерекшелігі – 3 жылда өнім беруге жарайды. Әр гектарда 3750 түп бар. Гектарына 14 тоннадан өнім алынады. 5 гектарға қожалық иесі барлығы 44 млн. теңге жұмсапты. Оның 30 пайызы жергілікті «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылған. Үшінші жылы мәуелі бақ 28-30 тонна өнім берсе, уақыт өте келе тіптен мол салып, өнім көлемі ұлғая береді.
Жалпы алғанда, өткен жылы «ҚазАгро» АҚ Жамбыл облысындағы еншілес мекемелері арқылы жалпы 8 млрд. 949 млн. 500 мың. теңге құрайтын инвестициялық қаржы игерген болса, биылғы жылдың алты айында бұл көрсеткіш 4 млрд. 517 млн. теңге құрапты.
– Қордай ауданы бойынша тамшылатып суару жүйесі 4400 гектарға, Шу ауданы бойынша 1610, Байзақта – 700, Жамбыл ауданында – 618,7, Меркіде 357 гектарға орнатылды. Биыл су үнемдеу технологиясын 190 гектарға енгізуге «Оразбай», «Талап», «Ниет» шаруа қожалықтары жалпы құны 113,0 млн. теңге құрайтын 3 жобаны іске асырды. Жамбыл ауданында «Азамат» шаруа қожалығы жалпы құны 137,2 млн. теңге құрайтын 1 га жерге өндірістік бағыттағы жылыжай кешені құрылысын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізуде. Меркі ауданында «Ақарал» ӨК 46,1 га жерге қарқынды алма бағын және жүзімдік отырғызу жобасын қолға алды. Жоба құны 34,0 млн. теңгені құрайды, – дейді Жамбыл облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Нұржан Нұржігітов.
Жалпы алғанда, өткен жылы Жамбыл облысында су үнемдеу технологиясы 5 мың гектарға орнатылды. Ал, биылғы жоспар 7 мың гектар еді, тынымсыз еңбектің нәтижесінде 8,1 мың гектарға орнатылды. Енді келесі жылы бұл көрсеткішті 12 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Әрине, Қытай шаруалары сияқты әл-әзірге арық-атызымызды жауып тастай алмаймыз. Көп шаруалардың табысы осы арыққа байланып тұр. Әйтсе де жамбылдық диқандардың жаңа технологияға деген ықылас-ынтасы ерекше екенін айта кету керек.
Дереккөз: Егемен Қазақстан