Мақсатқа жетудің алғашқы қадамы – қолданыстағы заңды жетілдіру

/uploads/thumbnail/20170708201006349_small.jpg

Биыл Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының (ҚХА) жылы. Осыған орай еліміздің барлық өңірінде көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар өтті. Ассамблея жылын атап өту дегеніміз той тойлау, би билеу немесе қыдыру үшін емес екені белгілі. Осы 20 жылдыққа орай жоспарлы іс-шаралар жасалды. Біздің жос­пар өз ішімізде бірнеше рет талқылаудан өтті, елеп-екшелді, сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігімен ақылдаса отырып жасалған. Оның ішінде рухани, мәдени, спорттық, бұ­қа­ралық іс-шараларға барлық тұрғындар қатысты.

Өзім Қостанай және Қара­ғанды облыстарында өткен іс-шараларға қатыстым. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында «Менің Қазақстаным» атты пойыз республикалық акция­сы еліміздің өңірлерін аралап, халыққа тегін қызметтер көрсетті. Бұл пойыз әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды. Пойызда дәрігерлер, заңгерлер болды. Осы пойыздың құрамында өзім де Теміртау, Жезқазған қала­ларында болып, халықпен кезде­сулер өткізіп, еліміздің сая­си-экономикалық жағдайы, қабыл­данып жатқан жаңа заңдар туралы әңгімелеп бердім. Азамат­тарды жеке мәселелері бой­ынша қабылдадым. Тұрғын­дардың сұрақтарына жауап беріп, олардың көкейкесті ой-пікір­лерін тыңдадым. Заңгерлер шағын және орта кәсіпкерлікпен айна­лыс­қысы келетін адамдарға ақыл-кеңестерін берді. Мәдениет саласының қызметкерлері өнер көрсетті.

Біздер кездесулерде Қазақ ханды­ғының 550 жылдығына орай Қа­зақ­станның тарихы, еліміз­дің дамуына үлес қосқан аза­маттар туралы ой-пікірлеріміз­бен бөлістік. Биыл Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығы еліміздің барлық өңірінде аталып өтуде. Ас­тана қаласында өткен мәдени іс-шараларды өзім де барып көрдім. Театрландырылған тамаша көріністі тамашаладық. Мем­лекет басшысы еліміздің тари­хы туралы келелі ойларын ортаға салды. Әрине, біздің тари­хымыз 550 жылдықпен шектелмейтіні ақиқат. Қазақ елінің тарихы сақтардан басталады. Түрік қағанаты, одан кейін Алтын орда дәуірі бар. Ел тарихы үш мың жылдық тарихқа кететіні сөзсіз. Бұл тарихты бүкіл Қазақстан жұртшылығы, әсіресе, жастар білуі тиіс.

Елімізде қаржы дағдарысына қарсы «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масы іске асырылуда. Халық­ты жұмыспен қамту, жұмыссыз­дықтың болуына жол бермеу бағытында нақты іс-шаралар қолға алынуда. Соған орай, «Ха­лық­ты жұмыспен қамту жол карта­сы» бағдарламасы аясында игі­лікті істер атқарылуда. Жалпы, біздің азаматтар жаһан­дық даму кезінде бәсекеге қабі­лет­ті болуы керек. Елдің тарихын, мемлекеттік тілді білу, қазақ хал­қының салт-дәстүрін, құнды­лық­тарын құрметтеу – әрбір аза­маттың парызы. Өскелең ұрпақ мемлекеттік тілді игерумен бірге, бәсекеге қабілетті болуы үшін шетел тілін де білуі қажет.

Біздің алдымызда Елбасы ұсын­ған «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлт­тық патриоттық идеясын іс­ке асыру міндеті тұр. Осы жол­да алға қойылған мақсатта­ры­мызға жетудің алғашқы қада­мы – қолданыстағы заңдарды жетіл­діру. Жуырда Мәжілісте «Қазақ­стан халқы Ассамблеясы тура­лы» Заңға өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, мақұлданды. Заң жобасы «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде және Қазақстан хал­қы Ассамблеясының XXII сес­­сиясында Мемлекет басшысы бер­ген тапсырмаларды іске асыру мақсатында әзірленген.

Өзім осы заң жобасы бойын­ша құрылған жұмыс тобына жетекшілік еттім. Заң жобасын жұмыс тобында қарап, талқылау барысында депутаттардан 70-ке жуық ұсыныстар келіп түсті. Оның ішінде құнды-құнды ой­лар болды. Алайда, біз заң жоба­сының тұжырымдамасынан алшақ кетпеуді мақсат етіп қой­дық. Сондықтан бірқатар ұтым­ды ұсыныстарды келешекте енгізу туралы тоқтамға келдік. Әріп­тестерім заң жобасын талқылауға белсенді қатысты.

Мәдениет және спорт ми­нис­трі Арыстанбек Мұхамедиұлы заң жобасы бойынша баяндама жасады және ол Қазақстандағы қоғамдық келісімнің үлгісі бү­кіл әлемде мойындалып отыр­ғанын атап өтті. Бұл тұрғыда этнос­аралық татулық пен қоғамдық келісімнің институты болып табылатын Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше екені анық. Осы орайда, заң жобасы «100 нақты қадам» Ұлт жос­парының «Біртектілік пен бірлік» атты төртінші бағытын іске асыру аясында әзірленген болатын. Мемлекет басшысы қазақстандық біртектілік пен бірлік азаматтық қағидатына негізделуі тиіс екендігін бірнеше рет атап айтты. Заңға енгізіліп отырған түзетулер Ассамблеяның институттық рөлін арттырумен қатар, бәрімізге ортақ «Мәңгілік Ел» құндылығы негізінде қоғамдық келісімді, біртектілік пен бірлікті нығайту үшін жағдай жасайды.

Н.Ә. Назарбаев өзінің сө­зін­де әлемдік геосаяси және эконо­микалық дағдарыс жағдайында мемлекеттілікті нығайтуға ба­ғытталған бес институттық рефор­маны алға тартты, соның бірі – «Болашағы біртұтас ұлт» рефор­масы. Мемлекет басшысы атап өткендей, «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық патриоттық идеясы жалпы­азаматтық құндылықтар жүйесі болуы тиіс.

Мемлекет басшысы Қазақстан өзінің тұрақтылық пен келісім моделін дамытуда айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтті. Қазақ­стан Конституциясы нәсіл­дік, этностық, діни және әлеу­меттік тұрғыдан барлық азамат­тар құқығының тең болуына ке­пілдік береді. Сонымен қатар, бүкіл қазақстандық біртек­тілікті одан әрі нығайту қажет. Ол азаматтық қағидатына негіз­де­луге тиіс. Барлық азаматтар бірдей құқықты пайдалануға, жауапкершіліктің жүгін бірдей арқалауға және мүмкіндіктерге бірдей қол жеткізуге тиіс. «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясы негізіндегі шоғыр­ландырушы құндылықтар – бұл азаматтық теңдік; ең­бек­сүйгіштік; адалдық; ғылымдылық культі және білім; зайырлы ел – толерантты ел. Мұндай жағдайда аза­маттық орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады.

Осыған байланысты «Бола­шағы біртұтас ұлт» инсти­тут­тық реформасының түпкі мақ­саты «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлт­тық патриоттық идеясына бірік­тірілген бүкіл қазақстандық аза­маттық бірдейлікті және ұлт­тың бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыру болуы тиіс. «Бола­шағы біртұтас ұлт» рефор­масын іске асыру қазақстандықтардың бірлігін нығайтуға, бейбітшілік пен келісімге, қоғам мен экономиканы дамытуға, мемлекетті күшейтуге қызмет ететін болады.

Енді 2008 жылғы 20 қазанда қабылданған заңның мазмұны айқындала түсті. Қолданыстағы заңның мәтініне түзетулер енгізіліп, осы заң қоғамдық ке­лі­сім мен ұлттық бірлік саласын­дағы мемлекеттік саясатты, «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық патриот­тық идеясын іске асыруға бағытталғаны атап көрсетілді. Сондай-ақ, Ассамблеяның мақса­ты мен негізгі міндеттері де жаңар­тылды. Мысалы, осы ұйым­ның негізгі міндеттерін айқын­дайтын 4-баптың 2) тармақ­шасы «Мәңгілік Ел» жалпы­ұлттық патриоттық идеясының негі­зінде «Қазақстан халқы бірлігін ны­ғайту» деген жаңа ұғымда жазылды.

Заңға енгізілген жаңа өзге­ріс­терге орай, Ассамблея Аппараты (Хатшылығы) Төраға алдында жыл сайын осы ұйымның жұ­мысы туралы, оның ішінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асыру жөнінде есеп беретін болады. Осы жоба нормаларының ережелері заң техникасының қағидаларына сәйкес келтірілді, сондай-ақ, нақтылау сипатындағы түзетулер енгізілді. Заңға енгізілген жаңа толықтырулар Қазақстанда келісім мен бірліктің, татулық пен тыныштықтың нығая беруіне қызмет етеді деген сенімдемін.

Егор КАППЕЛЬ,

Парламент Мәжілісінің депутаты, заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының жетекшісі, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.

Дереккөз: Егемен Қазақстан

Қатысты Мақалалар