Қазақстан, Латвия, Италия, Беларусь, Эстония және Украина елдерінің Ұлттық олимпиада комитеттері Қысқы Олимпиада ойындарының медальдарына ие болған спортшыларына ең жоғары сыйақы береді, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС.
Алтын медель әкелген қазақстандық спортшыларға 250 мың доллар сыйақы төленеді. Сондай-ақ күміс медаль иегері 150 мың доллар, ал қоладан алқа таққан спортшы 75 мың доллар көлеміндегі сыйақыға ие болады.
Ал латвиялықтар алтын үшін 192,8 мың доллар, итальяндықтар - 189,8 мың, эстондықтар - 138,5 мың төлесе, украиндық спортшыларға бірінші орын үшін берілетін сыйақының көлемі125 мың доллар болып белгіленді. Ресей құрамасының спортшыларына алтын үшін 4 млн. рубль (шамамен 113,2 мың доллар) табысталады екен.
Ұлыбритания, Норвегия, Швеция және Хорватия спортшыларына сыйақы берілмеуге шешім қабылдапты. Швециялық ҰОК хабарлауынша, спортшылардың олимпиадаға дайындалуына қыруар қаржы жұмсалады. Нақты айтқанда, спортшылардың жаттығуына жылына шамамен 8 млн. еуро кетеді (11 млн. доллар) екен.
Медаль үшін төленетін сыйақы жағынан Оңтүстік Корея билігі ерекше әдіс тауыпты. Ел билігі өз спортшыларына ерекше ұсыныс жасап отыр. Атап айтқанда, алтын үшін 62 мың, күміс үшін 51,67 мың және қола үшін 36,17 мың доллар белгіленген екен. Осыған орай, ел билігі спортшыларға медаль әкелген жағдайда сыйақыны бірден алу немесе өмірінің соңына дейін «олимпиадалық зейнетақы» есебінде алуға таңдау жасауды ұсынып отыр.
Пікір қалдыру