AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалы Қонаев қаласында «Баланы мектепке даярлайық!» атты қайырымдылық акциясын өткізді. Бұл шараның негізгі мақсаты – көпбалалы отбасылар мен жаңа оқу жылына дайындалып жатқан балаларға ауқымды көмек көрсету. Акцияда партияның белсенді мүшесі әрі кәсіпкер Бақыт Найманұлы Алтаев маңызды рөл атқарды.
Акция аясында партиялық 20 мектеп сөмкесін және толыққанды оқу құралдарын балаларға сыйға тартты. Әр сөмке дәптер, қаламдар, қарындаштар, сызғыштар және басқа да оқу құралдарымен жабдықталған. Бұл көмек көпбалалы отбасылардың балаларына оқу жылын сәтті бастауға және оқу процесіне толықтай назар аударуға мүмкіндік берді.
Бақыт Алтаев өз сөзінде: «Балалардың білім алуына қолдау көрсету біздің әлеуметтік жауапкершілігіміздің бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар олардың болашағына үлес қосу мүмкіндігі болып табылады. Біз отбасыларға қажетті оқу құралдарын қамтамасыз ете отырып, балалардың оқу процесіне алаңдамай, толықтай назар аударуы үшін қолдау көрсетуге тырыстық», – деп атап өтті.
«Баланы мектепке даярлайық!» акциясы қоғамның әлеуметтік бастамаларға деген қамқорлығын көрсетіп, балалардың білім алуына көмек көрсету қажеттілігін айқындады. Партияның көмегі балалардың оқу жылына дайындалуын жеңілдетіп, көпбалалы отбасылардың өмірін жақсартуға айтарлықтай әсер етті.
Айта кету керек, акция AMANAT партиясының әлеуметтік жауапкершілік пен қолдау көрсету бағытындағы ауқымды бастамаларының бір бөлігі.
AMANAT партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметі
Пікір қалдыру