Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заңға қол қойды. Құжат "Егемен Қазақстан" газетінде жарияланды.
Заңның 9-бабында 2025 жылы жалақының ең төмен мөлшері бұрынғыша 85 мың теңге болып қалатыны жазылған. Ал айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 2024 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға ұлғайып, 3 692 теңгеден 3 932 теңге болды.
Ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы да осынша пайызға өсіп, 43 407 теңгеден 46 228 теңге болды. Екеуінің көмегімен әлеуметтік төлемдер есептелетінін ескерсек, олардың көлемі де ұлғаяды. Бұған қоса, айлық есептік көрсеткіш көлемі айыппұлдар мен мемлекеттік салықтардың көлеміне әсер етеді. Енді олар да 6,5 пайызға ұлғаяды.
Зейнетақының ең төмен мөлшері 8,5 пайызға өсіп, 62 771 теңге болды. Бұрын 57 853 теңге болған. Айта кетерлік жайт, мұндай зейнетақыны жұмыс өтілі 1998 жылға дейін көп болған азаматтар алады. Мысалы, әйелдер үшін 20 жыл, ер азаматтар үшін 25 жыл.
Осылайша, 2025 жылы есептеу көрсеткіштері және соның көмегімен есептелетін әлеуметтік төлемдер, бұған қоса қазақстандықтардың зейнетақысы ұлғаяды.
Пікір қалдыру