Бұған дейін цифрлық платформадан жоғалып кеткен қазақ музыкасы америкалық Meta Instagram корпорациясының сервисінде қайта пайда болды.
Қазнет қолданушылары Instagram желісіндегі ескі жазбаларында отандық орындаушылардың бұрын өшірілген әндері қайтарылып, аудиотректердің қайта қолжетімді болғанын байқаған.
Бұл ретте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Central Media Newsке жағдайға қатысты түсініктеме бере алмайтындарын, себебі мәселені екі компания: "ҚазАҚ" пен "Мета" шешіп жатқанын айтты.
Сондай-ақ Қазақстан авторлар қоғамының өкілдері осыған орай Әділет министрлігінің қатысуымен баспасөз мәслихатын өткізуге уәде берген.
Айта кетейік, америкалық Meta корпорациясының қызметтеріндегі қазақстандық музыкалық контент 2024 жылдың 27 қарашасынан бастап қолжетімсіз болды. Сондай-ақ пайдаланушылар отандық авторлардың музыкасын іздеу мүмкіндігінен айырылды. Содан кейін "Мета" олардың өкілдерінің "ҚазАҚ"-пен келісімге келе алмағанын, сондықтан осы авторлар қоғамының каталогындағы барлық музыка Instagram және Facebook-те өшірілгенін айтты.
Әлеуметтік желідегі қолданушылардың наразылығынан кейін Әділет министрлігі Мета мен Қазақстан авторлар қоғамы арасындағы дауды шешуге әрекеттенді. Әділет министрлігі бұл келіспеушілік жағдайын бұрын-соңды болмаған деп атады. Вице-министр Ботагөз Жақселекова тараптар арасындағы кикілжіңді Қазақстанда осыған ұқсас 15 ұйымның болуымен түсіндірді және Мета олардың қайсысымен келісім-шарт жасасу керектігін анықтай алмай қиналады. Өйткені, көптеген елдерде әртістердің авторлық құқықтарын бір ұйым басқарады.