Павлодарда жетім балаға арналған пәтерді шенеунік иеленгені анықталды

/uploads/thumbnail/20250421225219214_big.webp

Павлодар облысының прокуратурасы Ертіс ауданында әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйді бөлу кезінде заң бұзушылықтар болғанын мәлімдеді. Тексеру нәтижесінде жетім балаға тиесілі пәтер аудан әкімінің жаңадан тағайындалған орынбасарына берілген.

2025 жылдың ақпан айында Ертіс ауданы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскен Роза Ақановаға пәтер берілген. Бұл шешімді аудандық нақты сектор бөлімінің басшысы Қайролла Елеукенов қабылдап, Ақанованы бұрын жетім балаға жалға берілген пәтерге орналастырған. Шенеуніктер жетім қыздың пәтерде соңғы бір жылдан бері тұрмағанын айтып, баспананы бос деп есептеген.

 

Мәселені облыстық Әдеп кеңесі қарап, мемлекеттік тұрғын үй қорын мақсатсыз пайдаланған бөлім басшысына шара қолданылды. Ал Ақанова пәтерді босатып, шығуға міндеттелді. Оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы» ресми ескерту жасалды.

Прокуратураның мәліметінше, бұл — жекелеген емес, жүйелі сипат алған мәселе. Мәселен, Мүткенов көшесіндегі әлеуметтік пәтерде де аудан әкімінің орынбасары тұрған. Сондай-ақ, №1 Ертіс орта мектебінің мұғалімі осындай үйде бес жыл бойы заңсыз тұрып келген.

Қазіргі таңда Ертіс ауданында осындай мақсаттағы бос тұрған 14 пәтер бар. Алайда олар әлі күнге дейін шын мәнінде мұқтаж азаматтарға берілмей отыр. Прокуратура жағдайды қалпына келтіріп, әділ шешім қабылдауды талап етті.

Қатысты тегтер :

Қатысты Мақалалар