Оқиға 21 сәуір күні кешкі сағат 20:30 шамасында қалалық әкімдік ғимаратының жанында болған. Шенеунік бірнеше жерінен жараланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Қазір ол операция үстінде жатыр.
Полиция дерегінше, Берденовке «Сайга-12» маркалы қарудан үш рет оқ атылған, оның екеуі денесіне тиген. Өміріне қауіп төндірмейтін жарақат алғаны хабарланып отыр.
Respublica партиясының мүшесі Бейбіт Әлібеков Берденовтің жағдайы туралы жазды.
«Достар, әріптестер, Руслан Берденов тірі. Қазір операция үстінде. Үш рет оқ атылды, екеуі денесіне тиді. Өмірлік маңызды ағзалары зақымданбаған».
Шымкент қалалық полиция департаменті бұл ақпаратты растады.
«21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимаратының жанында атыс қаруы қолданылған қылмыстық оқиға тіркелді. Нәтижесінде әкімдік қызметкері жарақат алып, медициналық мекемеге жатқызылды. Қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.