Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейі кейінгі бір ай ішінде 2 пайызға артып, 54 408 теңгеге жеткен. Сарапшылар бұл қаражат азық-түлікті айпағанда, комуналдық қызмет пен жолпұлға жетпейтінін айтып, тұтыну себетін ең төменгі жалақы деңгейінде белгілеуді ұсынды.
Соңғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда бір миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен. Аталған көрсеткіш сәуір айында 2%-ға өсіп, 55 мың теңгеге жетті. Алайда бұл сомаға азық-түлік, коммуналдық қызмет, жолақы сияқты негізгі қажеттіліктерді жабу мүмкін емес.
Тұрғындар қазіргі нарықтағы бағалар жағдайында 50 мың түгілі, 350–400 мың теңгенің өзі жеткіліксіз екенін айтады.
"Еттің келісі 3 мың теңгеден басталады. 50 мың теңге бір күнге де жетпейді", – дейді олар.
Экономистердің айтуынша, ең төменгі табыс мөлшері кемінде орташа айлықтың үштен біріне тең болуы тиіс. Сонымен қатар тұтыну себеті қазіргі 50-55 мың емес, кемі 130 мың теңгеге есептелуі керек.
"Бір адамға 85 мың теңге жалақы белгілейміз де, шығынды 50 мыңмен жоспарлаймыз – бұл қисынсыз. Әрине, күнкөріс шегін көтеру бюджетке салмақ түсіреді, бірақ ол азаматтардың қажеттілігін қамтамасыз етуге жол ашады", – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.
Оның айтуынша, қазіргі тұтыну себеті халықаралық стандарттарға сай емес. Себеттегі тауарлар мен қызмет түрлерінің саны тым аз, бұл өз кезегінде күнкөріс шегінің жасанды түрде төмен болуына әкеліп отыр. Сарапшы себетті нақты қажеттіліктерге сай қайта қарауды ұсынды.