Қазіргі таңда қазақ журналистерінің көпшілігінің сөз саптауы «әттеген-ай» дегізбей қоймайды. Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарында іргеміздегі көршілес мемлекетті «аспан асты елі» деп жазу немесе айту сәнге айналып барады. Бұл әрине дұрыс емес. Өйткені, аспан астын қытайдан бөлек жүздеген ұлт пен ұлыс мекен етіп жатыр. Ендеше журналистердің орынсыз сөзді терминге айналдырып, онсызда асқынып тұрған қытайдың империялық саясатына қолдау көрсетуі қалай?
Жуырда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін "Ұлы Дала елі" деп атауды ұсынды. Оның үстіне президенттің аталған мәлімдемені халықаралық конференцияда жасауы тегін емес. Өйткені, алқалы жиынға шет елдің кіл мықтылары қатысты. Бұл деген сөз аталған азаматтар өз елдеріне барғаннан кейін Қазақияны «Ұлы дала елі» деп атауға түрткі болады дегенді білдірсе керек. Өйткені, президенттің айтуынша бізге қандай да бір қазақстандық бренд ойластыру қажет. Мәселен, Жапония Күншығыс елі, Корея таңғы балғындық елі, Нидерланды – қызғалдақтар елі, Қытай – аспан асты елі деген сияқты. Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаеыв «Қазақстан» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында тағы да бұл мәселеге тоқталды.
– «Ұлы Дала» ұғымы – баяғыдан бар ұғым. Дешті Қыпшақ деген сөз қыпшақтың даласы деген сөз. Ұлы Дала ұғымына мынау Алтайдан Қара теңізге дейінгі даланы атайтын болған. Оның негізгі аумағы – біздің қазақтың жері. Біздің даламызда кен де болған, темір де болған, қолөнер де болған, бәрі болған, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған мәлімдемесін көпшілік жұрт бірден қолдады. Себебі әр мемлекеттің ресми атауынан бөлек бейресми аты болады. Сол сияқты Қазақ елін көпшілік «Ұлы Дала елі» деп атаса нұр үстіне нұр болар еді. Алайда аталған терминді іліп әкетіп, қолдау білдірген қаламгерлер аз болды. Есесіне олар өзге жұрттың беделін көтеріп қытайды «аспан асты елі» деп дәріптеп жүр. Осы ретте «аспан асты елі» деген атау қайдан шықты деген заңды сұрақ туындайды. Белгілі қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханның айтуынша «аспан асты елі» деген сөзді тіпті қытайлардың өздері де қолданбайтын көрінеді. Сондықтан да бұл атауды саясаттанушылар мен журналистердің пайдаланғаны дұрыс емес.
– Осы “Аспан асты елi” деген сөздi елге келгенде бiр-ақ естiдiм. Мұның мәнi не деп үңiлiп көрсем, бұл орыс тiлiнен аударылған сөз екен. Ал Қытайлар өздерiн ешқашан да “Аспан асты елi” деп атамайды. Мысалы, олардың “Жунго” деген атауы Орталық мемлекет дегендi бiлдiредi. Әйтсе де аталған сөздi әртүрлi бұрмалап түсiндiретiн Қазақ және шетелдiк саясаткерлер бар. Шын мәнiнде “Жун” – орта, “о” деген мемлекет дегендi бiлдiредi. Әлдекiмдер айтып жүргендей Жунго дүниенiң кiндiгi деген сөздi бiлдiрмейдi. Негiзiнен қытайда көптеген ұсақ-ұсақ бектiктер мен хандықтар болған. Солардың орталығында шоғырланған бектiктiң негiзiнде кейiн келе Жунго деген мемлекет құрылады. Ал “Аспан асты елi” деген Қазақ және қытай ұғымына келмейдi. Бұл – орыстардың шығарып жүрген атауы. Ал олардың қайдан алып жүргенiн бiлу үшiн мұны зерттеу керек. Өйткенi қытайдың өзiнде “Аспан асты елiмiз” немесе “аспан астында бiз ғана тұрамыз” дейтiндей түсiнiк жоқ. Шын мәнiнде аталған атауды пайдалану қазаққа ғана емес, өзге де халыққа қауіпті және ұят нәрсе, – дейді Дүкен Мәсімханұлы.
Расында, қытайды «Аспан асты елі» деп атап, қолтығына су бүрку қауіпті жағдай. Өйткені, бiздiң оларды дәл осылай атауымыз өзiмiздi жарға жығып кетуі әбден мүмкін. Себебi, іргеміздегі көпшіміз онсызда “Балқашқа дейiн созылған жер бiздiң жерiмiз” деп езеуреп жүр. Ендеше «Ұлы Дала» ұландарының «Аспан асты елі» деп сөз саптауы ең әуелі өзіне сын болмақ.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана