Білім мен ғылымның Қаршығасы жетпіс жаста!

/uploads/thumbnail/20170708202627566_small.png

«Нағыз ұстаз жалықпас, үйретуге балаға» - деп дана Абай атамыз айтқандай, бұл күндері еліміздің білім-ғылым саласында «инемен құдық қазып» еңбектеніп, тәуелсіз Қазақстанның жаңа білім жүйесінің қалыптасуына еселі еңбек сіңіріп жүрген қаншама ұстаздарымыз бар. Солардың бірі 1945 жылы жер жәннәті Жетісудың, Қаратал өзені бойында Бірлік ауылында дүниеге келген Көшкімбаев Қаршыға Сәрсенбайұлы ұстазымыз биыл жетпіс жастық мерей тойын тойлауда. Қаршыға Сәрсенбайұлы қазақ ғылымының қара шаңырағы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне (бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті) 1968 жылы оқуға түсіп, 1973 жылы университетті биология мамандығы бойынша бітіріп шыққан. Еңбек жолын сол жылы Ұлттық Ғылым академиясының Зоология институтында бастап, осы мекемеде 1994 жылға дейін қызмет істеді. 1994 жылдың қыркүйегінен бері өзі білім алған әл–Фараби атындағы ҚазҰУ–інде қызмет істеп келеді. 1990 жылы «Шу өзені аңғарының соналары (Diptera, Tabanidae) (түр құрамы, экологиясы, шаруашылық маңызы)» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғап шықты.

Егемендік жылдарынан кейін барлық ұлт жанды азаматтардай қазақ тілінің мәселесін шешу үшін ғылымды қазақшаластырмай болмайтындығын терең түсінген Қаршыға Сәрсенбайұлы 1998 жылы «Сорос–Қазақстан» қорының қаржылық қолдауымен А.К.Бродскийдің «Краткий курс общей экологи» атты кітабын қазақ тілінде басып шығарды. Аталған кітап Республикамызда жалпы экология негіздері бойынша қазақ тілінде шыққан алғашқы оқу құралы. «Қазақ ғылымын қалыптастыру үшін, ең алдымен қазақша ғылыми атауларды қалыптастру керек. Оның өзінде әсіресе шеттен келген атауларды жалпыға бірдей, ұғынықты етіп аударып анықтама беру қажет» деген көзқарасты берік ұстанатын ғалым экология саласы бойынша терминологиялық және түсіндірме сөздіктердің («Экология пәні бойынша қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік», Алматы, “Рауан”, 2000. 194 бет; «Экология және табиғатты қорғау бойынша салалық ғылыми-түсіндірме сөздік», Алматы, “Мектеп”, 2002. 392 бет. «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» Алматы, 2014. 17 том, экология) құрастырушы– авторлар ұжымының мүшесі ретінде көп тер төкті.

Қаршыға Сәрсенбайұлы 40 жылдан астам уақыттан бері қансорғыш қосқанатты жәндіктердің фаунасы, систематикасы, экологиясы бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді, солардың ішінде ғылымға белгісіз болып келген жаңа түрлергеде сипаттамалар беріп, олар туралы ғылыми мақалалар (Новый вид мошек Psilocnetha almae sp.n. (Simuliidae) из Южного Казахстана// Паразитология. 1988.Т.22, вып.4. С. 351-354; Новый вид мошек рода Levitinia Chub. Et Petr.(Simuliidae, Diptera) из Южного Казахстана//Энтомол. обозрение. 1992,Т.71, вып.3. С. 657-663; Новый вид мошек рода Montisimulium (Diptera: Simuliidae) из окрестностей Алма-Аты //Паразитология. 1996.Т.30, вып.1, С.81-84.) жариялады. Бұлармен қатар көптеген ғылыми–әдістемелік мақалалары және де «Қазақстан: Ұлттық энциклопедия» атты көп томдық еңбекте 60 шақты очерк–мақалалары жарияланған.

Қазіргі кезде жәндіктер фаунасының антропогендік факторлар әсерінен өзгеруі, реофильді жәндіктерді су көздерінің ластануының биологиялық иникаторлары ретінде пайдалану сияқты ғылыми бағыттармен шұғылдануда. Ол кісінің жетекшілігімен көтеген дипломдық жұмыстар мен магистрлік диссертация және 1 кандидаттық диссертация қорғалды. Шәкірттері бұл күнде еліміздің әр түпкірінде қызмет атқаруда. Биология және биотехнология факультетінің тәжірибелі мамандарының бірі, ғылым мен педагогика саласында жинақтаған білімдері мен тәжірибесін жас мамандарға және студенттер мен магистранттарға үйретіп келеді.

 

Әлібек Ыдырыс,

Ақерке Сербаева

Қатысты Мақалалар