Біз келгенде екі жаққа ашылған қақпадан кіргенімізде, Жәкең үш бөлмелі қызыл кірпішті үйдің алдында күн шуақта тобылға сапты, алты таспа, алтындай сары жезбен өрнектелген қамшыға таспа қайыстан бүлдірге өткізіп отыр екен. Қасында нұрсыз жанары көзілдірігінің ар жағынан сықсыйып, беттері күзгі егістен кейін жыртылған атыздай қатпар-қатпар, қос қолын қусырынып Дүйсенбай шал отыр. Жәкеңмен құшақтасып, сағынысып амандастым. Ал Дүйсекең жай ернін жыбырлатып, еріне қолын беріп орнынан жылжымады.
Амандық - саулық сұрасып, арқа-жарқа әңгіменің арасында:
- Жәке, қалалы жерде отырсыз ат мініп жүрген жоқсыз. Неге қамшы дайындап жатырсыз, жоқ, әлде мына кенжеңіздің келініңізден десі қайтып жүрме? – дедім жанымдағы Жәкеңнің екінші ұлы бала күннен бірге өскен досым Нұрболды көзбен нұсқап, әдейі әзілдеп
Жәкең қырылдай, демігіп тіл қатты (жуықта өңештен ота болған екен)
- Ол жағы да бар енді, Мөңке би айтқан «Сиыр пұл болған заман» болып тұр ғой, үйдегі апаң келмес сапарға кеткелі балаға қараған күн далаға қараған күн деген сөз расқа айналып барады. Осы үшінші отадан соң өзім білем, жағдайым жақсы емес, құдай қаласа мына досың әке болмақшы, жаман айтпай жақсы жоқ алда-жалда бақиға сапар шексем жарық дүниеге келген батырға «атамның көзі» деп жүрер бір зат қалдырайын деп жасап жатырмын. Әсілі тауқыметті тағдырымды бір кітап етіп жазып қалдырайын деп едім, оған сананы тұрмыс билеп, енді бір жағынан денсаулық жар бермеді – деді ауыр күрсініп. Жәкеңді аяп кеттім әңгіменің желісін басқа жаққа бұрғым келіп
- Жәке, осы сіздерде мұһажырлық (диаспоралық) куәлік барма? Естуімше бірталай елде бар секілді, ол не нәрсе, не үшін берілді? Бар болса көрейін деп едім.
- 90 жылдардың басында үкімет біз секілді ата-бабасы арғы беттен ауып келгендерге берген. Алайда, «Ауыз күйген үрлеп ішеді» дегендей, 60-жылдардағы сабеттің (КСРО) паспортынан жазықты боған соң, сол нәрсеге жоламадым – деп өңі күреңітіп, Дүйсенбайға қарады.
- Менде бар – деді Дүйсенбей.
- Не бар?
- Баяғы сабеттің де, мұһажырлық куәлік те екеуіде бар. Сабеттікін күн көсемнің суретінің артына жасырып сақтап келгем, әлі сонда тұр – деді күлім қағып.
- А, иттің баласы, бізді бір кезде «шетке байланған», «қос жүрек» деп көрсетпегенің қалмап еді, сол үшін қанша адамның қан қарызын мойныңа жүктегеніңді өзің білесең – деп бұқадай бурқанып, орнынан атып тұрып қолындағы сарала қамшымен Дүйсенбайды қақ маңдайдан тартып жіберді. Шалқалап құлаған, оның көзілдіргі бір жаққа ұшып кетті де, бетін қан жауа бастады. Ал, Жәкеңнің езуінен қан тамшылап сылық етіп отыра кетті. Жәкеңнің бұлай ашуланғанын, дүниеде бар жиған байлығы - ауыл түгілі ауданның кітапханасынан табылмайтын кітаптарынан сұрап алып, оқып жүріп Нұрбол екеуіміз, мектептің кітапханасына өткізіп жібергенімізде көрген едім.
Сонымен аталап қыз бен келіндері шулады. Жұрт жиналып, жедел жәрдем келіп, екі қарт емханадан бірақ шықты. Істі қозғап шағым алуға барған сақшыларды Дүйсенбай шал:
- Арызым жоқ. Осыдан жарты ғасыр бұрын жейтін таяғым еді. Өзіме обал жоқ. Дегенмен жетімнің қарғысы жаман деуші еді. Жабықбайдың қарғысы болса мені қарғасын, ұрпағымды қарғамасын – депті.
Ал, Жәкең төртінші отаны жасатыпты. Бәрі сәтті болғанмен тіл қатпаған күйі бір айдан соң, бұл дүниеден аттаныпты.
Бұл жұмыс демалысын алып елге барғандағы әңгіме еді.
Жұмысқа келген соң басекең шақырып жатыр деген соң, ол кісінің кабинетіне бас сұқтым. Жетпістің желкесіне шығып басын қырау басқан Есенкелді Тоғайбайұлы жылы жүзебен қарсы алды. Аман – сәлемнен соң:
- Сенің жолың болғалы тұр. Министрлік үздік жас мамандарға конкурс жариялапты. Біз мекемеден үш адамды ұсынып отырмыз, біреуі сенсің. Талаптары мына қағазда тұр, тез арада құжаттарын жиып маған алып кел, әсіресе анау шетелдік мамандар жүргізген оқу-жаттығу семинарларына қатысқан сертификаттарыңды ұмытпа, ол сенің көзірің- деп қолыма екі тілдегі төрт парақты ұстата салды.
Елеп-ескергеніне алғысымды жаудырып шыға жөнелдім.
Арада айға жуық уақыт салып, қаланы аралап жүріп жинаған бар құжаттарым мен басекеңнің қолы керек мінездеме, өтініш, өзім жайлы мәліметтерді алып басекеңнің қабылдауына келдім.
Құжаттарды көзілдіріктің астымен шолып шыққан басекең
- Айналайын, менің аты-жөнімді неге дұрыс жазбағансың – деді дауысынан реніш білініп тұр.
- Дұрыс жазған секілді едім, Есенкелді Тоғайбайұлы- деп міңгірледім, қай жерден қате жібергеніме миым жетпей.
- Менің аты-жөнім удостверениеде Торегельдиев Есенгельды Тогайбаевич деп жазылған. Сендер ғой өз ішімізде болған соң қазақша айтқан болып жүрсіңдер, мына құжаттар ертең министрлікке барады. Бұны көрсе олар не дейді Есекең қылаяғы өз аты-жөнін дұрыс жазғызбаған ба?- деп күлмейме? Бұл пазор ғой.
- Кешіріңіз, түзетемін – дедім іштей ашуым келіп тұрсада «жоғарыға баратын құжат болған соң бәрі заңды болуы керек шығар» деп ойлап.
- Сосын көктемдегі Москвадан келген инженерлердің семинарына қатысқанда алған сертификатың мынаның ішінде көрінбейді ғой – деді нарау түрде
- Соны іздеп таппадым, қайда қалғанын.
- Құжат дегенге мықты болу керек, қарағым анау сейфтің ішінде (бұрышта тұрған ескі темір сейфті нұсқап) менің совет одағы кезіндегі партбилетім мен комсомол билетім жатыр, ертең заман өзгеріп коммунистер келе қалса көрсетімін, ұқыпты болу керек, дұрыстап кел бара ғой – деді ақылгөйсей. Қаным басыма шапты, қолым қалтырып құжаттарды алып жатырмын. «Әттең, Жәкеңнің қамшысы болғанда ғой, тап қазір қолымда, қақ маңдайдан тартып жіберер ме еді?!».
Әлібек Ыдырыс