"Айтыс алаңы" - тың идеяның туындысы

/uploads/thumbnail/20170708202637222_small.jpg

           3 қараша күні 31 арнада "Айтыс алаңы" бағдарламасының жартылай финалдық және финалдық кездесуінің түсірілімі болады дегенді естіп, түсірілім барысын өз көзімізбен бақылауды жөн көріп, түсірілім алаңына жол тарттық.

          Аталмыш жоба көрермен назарына 12 қыркүйектен бастап ұсынылған болатын. "Айтыс алаңы" жобасы Қазақстанның түкпір- түкпірінен адуынды, майталман 12 ақынның алаңға жиналуымен басталған.  Олардың қатарына талай айтыстан қанжығасы құр кетпеген, аузы дуалы айтыскерлер: Мұхтар Ниязов, Болатбек Оразбаев, Мейірбек Сұлтанхан, Ринат Заитов, Рүстем Қайыртай, Ершат Қайболдин сынды ақындар. Тағы айтысқа жаңадан қадам басып келе жатқан жас ақындар да қатысты. Өзінің әділ бағасын беріп, айтыскерлерге сыни көзқарастарын айтпаққа әділ қазы алқалары тағайындалған. Белгілі ақын, айтыс жанашыры Жүрсін Ерман, Композитор Алтынбек Қоразбаев пен Бауыржан Жақып  төрелік етті.

           - Бұл жобаның басты ерекшелігі- жастардың айтысқа қызығушылығын арттыру, айтысты басқа қырынан көрсетуге, яғни тың идеалармен байытып, басқа форматта көрермен назарына ұсынбаққа және осы арқылы жас көрермендерді айтысқа тарту мақсатында ұйымдастырылған. Ақындар еліміздің әр аймағынан келген соң, біз оларды тұрмыстық жағынан қамтамасыз етіп отырамыз. Сондай - ақ, шаршы алаңда ақындарға сөз еркіндігін бердік. Біз бұған дейін де басқа жобаларды қолға алған болатынбыз, бұл жоба басқа жобаларға қарағанда ауқымды болғандықтан,  өз күшімізді салуға тырысып жатырмыз- дейді "айтыс алаңы" жобасының ұйымдастырушысы Абзал Маман.

         Аталмыш бағдарлама екі бөлімнен тұрады: алғашқы бөлімі: "Тақырыптық айтыс". Бұл бөлімінде айтыскерлерге "Информбюрода" көрсетілген өзекті ақпараттардың үзіндісіне сай тапсырма беріліп, сынға түседі. Ал, екінші бөлімі: "Пародиялық айтыс". Ақындар бұл бөлімде белгілі бір тұлғаның атымен шаршы алаңда жекпе-жекке шығады, яғни бас төреші Жүрсін Ерман 9 ұяшықтың бірінен ұяшық таңдап, ақындардың кімнің атынан сайысқа түсетінін айтады.

        Қазіргі уақытта іріктеу аяқталып, 4 ақын оза шауып алдыға шығады. Топ жарған ақындар жартылай финалда бақ сынайды. Бұған дейін де өзекті тақырыптарды тілге тиек еткен ақындар, жартылай финалда "Келін мен ене", "Қазіргі сериалдар" тақырыбын қозғаса, айтыстың екінші бөлімі, яғни "Пародиялық айтыста" Кәрім Мәсімов пен Иманғали Тасмағамбетов, Мейрамбек Беспаев пен МС Сайлаубектің атынан жыр толғайды. Ал, осы екі айтыстан үздік шыққан қос айтыскер бірден финалға шығады. Ақтық сында "Қазақ хандығының 550 жылдығын" сөз етсе, пародияда Әбілқайыр хан мен Кенесары боп айтысады. 

        Айта кетейік, топтан суырылып, ат басы алда келген айтыскерлерге "Айтыс алаңы" жобасы тарапынан 2 миллион теңге көлемінде қомақты сыйақы табыс етіледі. Жобаның басты демеушісі ретінде: "Арман шай" компаниясының тарапынан да сыйлықтар ұсынылады.

       "Айтыс алаңы" жобасы өзінің жаңа форматта, тың бастамалардың нәтижесінде көрермен назарына ұсынылып отыр. Халқымыздың қанына сіңген ата дәстүрімізді таныту үшін айтыс таптырмас құрал ретінде көрсетілген, сондықтан да бұл жобаның ұлт ұлағатын ұлықтауға ұпайы басым.

Гүлден Әбдібақыт

 

Қатысты Мақалалар