Денсаулық Министрлігі таратылуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20170708151237275_small.jpg

Бюджеттен бөлінген миллиардтар науқастарға жетер емес. Оның үстіне  шаласауатты ақ халаттылар дұрыс диагноз қоя алмай, салдарынан шипа іздеп келген сырқаттар өліп кетіп немесе мүгедек атанып жатыр. Бүгін Мәжіліске есеп беруге келген еліміздің бас дәрігері депутаттардың осындай қатал сынына ұшырады. Күтпеген жерден күшке мінген халық қалаулылары жұртқа пайдасы жоқ министрлікті жабу керек деді.

ДепутаттарбастапқыдаСалидат Қайырбекованы жылы шыраймен қарсы алды. Міне, министр Мәжілістің кіре берісіне көрмесін жайып тастап, жетістіктерін қызметкерлерімен жарыса таныстырып жүр. Төменгі палатаға жылдық есебін беруге келген ведомства басшысы әрі қарай сандарды  сөйлетті.

Салидат Қайырбекова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

-Елімізде былтыр өлім көрсеткіші 4,8, ал ана өлімі 6,7, нәрестелердің шетінеуі  – 17 пайызға азайды. 2030 жылы еуропалық көрсеткішпен теңесеміз. Мұның бәріне алғашқы медициналық көмектің сапасын жақсарту арқылы жетіп отырмыз.

Шындығында министрдің баяндамасындағыдай жұрттың денсаулығы  жаппай жақсарып кетпепті. Былтыр Қайырбекова ханымның қарамағындағы 500 дәрігер диагноз қоя алмай, қаншама адамның көз жасына қалғаны үшін жауапқа тартылған. Жансерік Иса сондай дәрігерлердің құрбаны. Астаналық  ақ халаттылар іші ауырып алдарына келген жігіттің ащы ішегіне операция жасаған. Бірақ отадан кейін науқастың көзі көрмей қалды.

Ардақ Мырзанова, науқастың анасы:

-Ешқандай тексерусіз, анализ алмастан «аппендицит» деп диагноз қойып, операция жасаған. Бірақ үшінші күні балам реанимацияға түсті. Қайта операция жасады.

Мұндай тағдырлар мыңдап саналады. Медицина қызметкерлерінің сауатсыздығынанмүгедек болып қалып жатыр. Бюджеттен бұл салаға миллиардтап теңге бөлінсе де, сыртқатқа сапалы қызмет көрсете алмай-ақ қойды. Дәрігер біліксіз, сосын бітпейтін реформа. Тіпті министрлік аймақтардағы ахуалды бақылаусыз қалдырып, жергілікті әкімдіктерге сеніп алған. Осындай жауапсыздықты депутаттар қатал сынға алды.

Дариға Назарбаева, Мәжіліс депутаты:

-Министрліктің кез-келген сұраққа жалғыз жауабы бар. Дәрі-дәрмекке «СК-Фармация» компаниясы, медициналық құрал-жабдықпен қамтуға «КазМедТех» АҚ, ал қалған мәселеге жергілікті әкімдік «жауап береді» деп бекітіп қойған. Сөйтіп жауапкершіліктен қашып отыр. Ендеше мұндай министрлікті жауып тастайық.

Мұны естіген Салидат ханымның мазасы қашты. Даусы дірілдеп, кейбір сұрақтарға жазбаша «жауап беремін» деп састы. Тіпті мәжілісмендердің арасында министрге жаны ашып, орнына отыруын сұрағандар да болды.

Құрметті әріптестер, мүмкін Салидат Жәкенқызы орнында отырып жауап берсін.

– Жоқ, қажет емес.

-Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігі қазынадан қаржы ең көп бөлінетін ведомства. Биылғы бюджеті 862 миллиард теңге екен. Бірақ, бұл салаға кеткен шығынның қайтарымы болмай тұр. Жұрт әлі күнге дейін тегін дәрі-дәрмекке жарымаған, ауылдық жердегілер ауруханаға жете алмай жылап жүр. Ал депутаттардың қатал сынына ұшыраған еліміздің бас дәрігері болса олқылықты «түзеймін» деп тағы уәде беріп кетті.

КТК арнасы

Қатысты Мақалалар