Айырбас құралы ақшаның құнсыздануы басқа емес, қазақтарға үйреншікті жағдай болып кетті. Бұрыннан ақша атаулыға жақын емес едік қой, әлемдегі ең құнды кеңестік рубльдің «сабан ақшаға» айналғанын да көргеннен кейін бойымызға сенімсіздік орнады. «Өзіміздікі ғой» деген теңгенің өзі бірнеше рет өзектен тепті. Девальвация бүгін ғана болған жоқ, бұрын да талай бастан өткергенбіз. Иә, басу айтқысы келген біраз азамат «девальвацияны жаңа көргендей о несі-ей?!» деп жатты бойы үйреніп кеткелі соншалықты. Расында, халықтың реакциясы бұрынғыдан күштірек болды. Не үшін? Осыған жауап іздеп көрсек.
Біріншіден, 2009 жылғы девальвация әлемдік қаржы дағдарысымен сәйкес келді. Еуропа экономикасы рецессияны бастан кешіп жатқанынан хабардар халық 1 доллар құнын 120 теңге етіп ұстап тұру – өзіміз отырған бұтақты балталау деп түсінді. Әсілінде, солай түсіндірілді, халық көндікті. Ол кезде ірі зауыт-фабрикаларымыз жоқ болғандықтан дәл Еуропа елдеріндей жапа шекпегеніміз рас. Дегенмен, халық қалтасындағы ақшасының құнсыздануы мен сол кездегі инфляция кесірінен басына тартса аяғына, аяғына тартса басына жетпейтін тиын-тебенін дағдарыстың кесірі деп қабылдады. Әлемнің ажырамас бөлшегі ретінде сезініп, бойын бір «мақтаныш» та кернеді.
Екіншіден, бес жыл бұрынғы ақша құнсызданар кезде Қазақстан экономикасының жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнімі – 8 451,8 доллар болған. Дәл сол параметр бойынша биылғы девальвацияға дейінгі көрсеткіш – 13 048 доллар. Яғни, қалай десек те халықтың әл ауқаты белгілі бір деңгейде өскен. Соңғы бес жылда өмірінде ешқандай өзгеріс енбеген адамдарға түсінікті болу үшін бұл жерде салыстырмалы түрде деп көрсеткеніміз дұрыс. Халықтың кірісі көбейген сайын, мұндай девальвация кезінде жоғалтатыны да тиісінше көп болмақ. Яғни, биылғы халықтың ашынысын түсінуге болады. Мұндай жағдайда опық жегендерге «өлерменсіңдер!» деп ақыл айтқан боп қытығына тию – тек отқа май құю ғана.
Үшіншіден, 2009 жылғы девальвация дауы дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарының «су себуімен» басылды. Ол кезде дәл қазіргідей пікір қалыптастыратын алаң болмады. Қазірде Ұлттық банк төрағасының өзі халықтың «температурасын» білу үшін кіріп-шығатын әлеуметтік желілердің белсенділігі соңғы екі-үш жылда ғана қалыптасты. Яғни, бүгінде ешкім құлақ аса бермейтін сіреспе ақпараттарға толы телеарналар мен газет-журналдардың бес жыл бұрын сөзі өтімді болғаны рас. 11-ақпандағы девальвацияның қоғамдық пікір туғызып, соңы митингке дейін ұласуына дәл осындай себептер болды.
Жарқын Түсіпбекұлы