Қайбір жылы Шығыс Қазақстан облысына іссапармен бара қалғанда куә болған оқиғамыз еді. Аудан орталығында оқырмандармен кездесу өтіп жатты. Негізі, журналистерді шын мәніндегі «төртінші билік» деп танитын ниеті адал қауым… қазақ ауылдарында ғана қалғандай әсерде боласың.
Сол әңгімеде сөз алған ақ жаулықты аналардың бірі жиналғандардың езуіне күлкі үйірген мына мәселені айтып еді: апамыз электр энергиясын үнемдеуге өте ұқыпты болса керек, сондықтан оның тұтынған қуатының құны… энергия үшін төлем қабылдайтын «Қазпоштаның» алатын комиссиясынан да аз болып қалатын көрінеді. Мәселен, үй иесі бір айда 90 теңгенің электр энергиясын жаққан болса, поштасы қыз квитанция үшін 100 теңге тағы артық алатын болып шығады. Осыны айтып шағымданған отанасы «Қазпошта» алатын қызмет құнын арзандатуды да қатты талап етіп еді. Есесіне, оны қатарластары қағытып, «Светті көбірек жақсаңшы…» деп жатты. Ал, шынтуайтында бұл Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы энергия көзінің басқа аймақтарға қарағанда анағұрлым арзан екенін білдіреді.
Қазір ол облыстағы қуат құнының қай шамада екенінен хабарымыз жоқ, алайда Қазақстан Үкіметі еліміздің тұрғындарына тұтынған энергия үшін ақы төлеуде… ауылдағы ананы әжуалаған ағайын сияқты саясат ұстанып отырғанын анық түсініп келеміз!
Жалпы, отандық баға нарығының барлық бағытындағы қымбатшылыққа халықтың бойы үйреніп болған. Бұқараның бақырдың орынына батпандап төлеп жатса да, әйтеуір осы елдің қазынасына түседі ғой деп тәубе ететіні тағы бар. Былай қарасаң, бәрі дұрыс! Тек, біздің теріміз тамшылап тапқан табысымыз текке кетіп жатқандай екен…
Қараңыз, төмендегі деректерді оқысаңыз төбе шашыңыз тік тұрады. Отандық энергия өндірушілер электр қуатын Қазақстан халқына екі есеге (!) қымбат бағаға сатып отыр екен. Ал, біздің елде өндірілген қуаттың қызығын көріп отырған… Ресей Федерациясы! Нақтылайық, ел аумағында өндірілген электр энергиясын ішкі тұтынушылар басқа, әрине, жоғарғы бағада тұтынып отырса, көрші елге тасымалданатын дәл осы қуаттың құны оларға екі есе арзан бағада ұсынылады. Салыстырмалы түрде алып қарайық, өткен 2014 жылы Екібастұздағы ГРЭС-1 өндірген энергиянының әр кВт/сағаты 4,95 теңгеге бағаланып Ресейге жөнелтілсе, Қазақстан үшін бұл баға — әр кВт/сағатқа 8 теңге болып белгіленген. Әрі көрші елге өндірілген қуаттың 14 пайызы (!) жоғарыдағыдай жарты бағасына сатылып, қазақ қуаты орыс қалаларындағы «Ильич шамдарынан» нұр болып төгілген болып шығады.
Мұның себебін түсіндіруге сөз таппай отырмыз. Біздіңше, бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне төнген қатер! Һәм отандық қуат көзін өндірушілер тарапынан негізгі, ішкі тұтынушыларға қарсы бағыттаған экономикалық «собатаж…»! Басқаша баламалы сылтау көріп тұрған жоқпыз.
Бәлкім, білгір мамандар бөгделеу сипаттама бере алатын шығар, біздікі мәлім болған мәліметтерді жария ету ғана. Айтпақшы, экономикалық одақтасымыз өз аумағында өндірген электр қуатын Қазақстанға дәл жоғарыдағыдай, екі есеге қымбатқа тағы сатып отыр. Өйткені, еліміздің батыс аймағы әлі де ресейлік қуатқа тәуелді… Осыны шебер пайланған орыс энергетиктері Батыс Қазақстан облысына бөлетін электр энергиясының кВт/сағатын 28,77 теңге мен 13, 24 теңгеден бағалап, жеткізуде. Ал, дәл осы ресейлік ГРЭСтер өндірген энергияның ішкі нарықтағы бағасы біздің валютаға шаққанда 10,02 теңгеден аспайды екен.

Әрине, әділетсіздік… Тек, осы экономикалық экспанция мен монополиялылық агрессияны заңдық тұрғыдан реттеуге қатары көбейіп жатқан ЕАЭО-дағы басқа әріптестердің ынтасы-шыты бола қояр ма екен? Әлде, басымдыққа ие Ресей ықпалында қала береміз бе? Бұл сұраққа жауапты біз тауып бере алмаймыз енді…Жалпы, кез келген елдің тәуелсіздігі өз тұрғындары мен өндірістік аумағын толыққанды электр энергиясымен қамтамасыз етумен бағаланатыны ақиқат.
Лениннің төңкерістен кейін елді жаппай «нұрмен» жабдықтауға неліктен жанталаса тырысқандығын түсінген боларсыз енді…
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ