Орда бұзар шағымда елге келіп тірі орысты көзіммен көрдім, біреуімен алғаш қол алысқанымда біртүрлі тіксініп қалғаным бар. Оны қойшы! Қазақша түсінбейтін қазақты көргенде тіптен аң-таң болғам. Бәрі маған ойын сыяқты, іштей бұлар мені таңқалдыру үшін әдейі қалжыңдап жүрген шығар деп те ойладым. Қайдам! Жағдай басқа екен...
Өзім де ештемеге дайын емес едім, сенсеңіздер 2000 жылы "Хабардың" дубляж бөліміне келісімшартпен жұмысқа келгенімде тілім сайрап тұрғанымен, кирилше атымды дұрыстап жаза алмайтынмын.
Мақтаншақ демеңіздер, күнің үшін күлік жейсің ғой, мендегі өзгерістер өте тез болды, айналасы 10 күнде кирилдің әріптеріне қанығып, (компьютерде) қатесіз жазуды меңгере бастадым. Ендігі алынбас қамал орыс тілі болды, ойымда; қанша үйренсем де мына қоғамның "орысша ең нашар сөйлейтін мүшесі" болып қалармын деген күдік тұрды. Менің орыс тілін ешқашан көңіл қойып үйренбеуімнің бірден бір себебі осы үмітсіз ойым деп білем. Дей тұрғанмен, жылдар бойы айналамнан күнделікті ести жүріп құлағыма мысқалдап кірген русский язык-тен осы күні әжептәуір қор жиналып қалыпты. Кейде байқамай соларды жақсы құрастырып жіберем. Теперь мой русский не плохо.