Астанада ЖИТС ауруын жұқтырғандар көбейген

/uploads/thumbnail/20170708151247807_small.jpg

 Өткен 12 айдың ішінде Астана қаласындағы АИТВ (адамдағы иммун тапшылығы вирусы) инфекциясына шалдыққандардың саны 129 адамға өсті. Бұл туралы Астана қалалық «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК баспасөз қызметі хабарлады.

Мәлімдемеде келтірілгендей, бұл көрсеткіш соңғы жылдармен салыстарғанда 30 пайызға көп. Бүгінде Астана қаласында 710 жағдай тіркелген. Оның ішінде АИТВ жұқтырғандардың басым көпшілігін, яғни 38,4%-ын (273 адам) инъекциялық есірткіні қолданатындар, соның ішінде  бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеушілер құраса,  53,5%-ын (380 адам) кездейсоқ жыныстық қатынасқа түсетіндер, 7,8%-ын басқа жолмен жұқтырғандар құрап отыр.

«Бұдан аурудың жыныстық қатынас арқылы берілу жолы 2012-2013 жылдары 60 пайызға жеткендігін көруге болады. Ал жас шамаларына келер болсақ кейінгі жылдары АИТВ жұқтырғандардың 77 пайызы еңбек жасындағы яғни 20-39 жас арасындағы қыршын жастар. Бұл көрсеткіштер ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Әсіресе сала мамандары қатерлі дерттің алдын алу мақсатында тынымсыз күресуде», - делінген хабарламада.

Астана қаласы «ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес орталығы» МКҚК бүгінгі күні Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) және Жаhандық бәсекелестік индексінің көрсеткішін жақсарту мәселелерін іске асыру аясында Астана қаласында өндіріс орындарында және шағын және орта бизнес құрылымдарда АИТВ жұқпасының алдын алуға арналған оқу бағдарламасын енгізді. Аталған өндірістер мен бизнес құрылымдарына ЖИТС орталығы мамандарының қатысуымен арнайы  семинарлар жүргізілді. Атап айтқанда, қаладағы барлық ведомстволарда, оқу орындарында, медициналық мекемелерде сондай-ақ өндіріс, сауда және т.б орындарда барлығы 985 іс-шара жүргізілді. Шара аясында 77863 адам қамтылып, қажетті мәліметпен таныстырылды.

«Сондай-ақ  аурудың алдын алу, сақтану жолдарымен таныстыру жайында кеңінен ақпарат беру үшін БАҚ-тың үлесі басым екендігін ескере отырып, ЖИТС орталығының тапсырысы бойынша  4  бейнеролик мемлекеттік және орыс тілдерінде жасалып, бірнеше телеарналарда көрсетілді», - дейді ЖИТС орталығы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісіЕ.Момынбеков.

Қатысты Мақалалар